
Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында «Авиценна» атындағы жоғары медициналық колледжінің студенттері үшін ашық есік күні өтті.⠀
⠀
Экскурсия барысында студенттер көптеген жаңа әрі пайдалы мәліметтермен танысты. Әскери бөлімнің басшылығы әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігін көрсетті. Іс-шара бағдарламасы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріндегі қызметтің негізгі бағыттарын жан-жақты қамтыды.
Қонақтарға бақылау-өткізу пункті, саптық алаң көрсетіліп, әскери қызметтің атқарылу тәртібі түсіндірілді. Студенттер казарма ғимараттарын, оқу сыныптарын аралап, қару-жарақ үлгілерімен және оларды пайдалану ережелерімен танысты, сондай-ақ әскери киім үлгілерін көрді.
Қатысушыларға ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – қаруды қолмен ұстап көріп, оны бөлшектеу мен жинақтауды өздері орындау мүмкіндігі болды.
– Бүгін біз колледж студенттерімен бірге әскери бөлімге танысу мақсатында келдік. Бұл сапар өте танымдық болды, себебі біз бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың күнделікті өмірін көрдік. Армия – шыдамдылық пен тәртіптің нағыз мектебі, ол әрбір жас үшін үлкен тәжірибе береді, – деді «Авиценна» атындағы жоғары медициналық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнур Жандарбаева.
Іс-шара соңында қонақтар сарбаздар асханасында түскі ас ішті. Бұған дейін оларға тағамдардың қандай өнімдерден дайындалатыны және әскери қызметшілердің ас мәзірі қалай жасақталатыны көрсетілді.
Заманауи әскери қызмет жағдайлары студенттерді өзінің ұқыптылығымен және жайлылығымен жағымды таңғалдырды. Отан қорғаушы мамандығы туралы жарқын әсерлер адам жадында ұзақ сақталып, патриоттық рухтың, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның қалыптасуына ықпал етеді.
