Екінші рет ұйымдастырылып отырған бәйгеге еліміздің әр өңірінен 19 команда қатысып жатыр. Ат жарысы елорда іргесіндегі Қаражар ауылынан басталды. Шабандоздар 1 300 шақырым қашықтықта жарысады. 19 қыркүйекте Түркістанда мәреге жетеді.
«Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Соңғы 14-кезеңде 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Атырау облысынан басқа барлық өңірден командалар қатысып жатыр», — деді аталған шараны ұйымдастырушы Ғани Дүйшенов.
«Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры — 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталады. Жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық төреші бағалайды. Ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.
Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» бәйгесі республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының, Мәдениет және спорт министрлігінің «Аманат» партиясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтіп жатыр.