Еліміздің оңтүстік өңірінің музыкалық мұрасы зерттелу, жинақталу жағынан кенжелеу қалып келе жатқандығы ақиқат. Жиделі-Байсын деген атпен белгілі осынау байтақ өлкенің күйшілік, жыршылық-термешілік, әншілік өнері осы күнге дейін зерттеу нысанасынан тыс қалып қойған деуге болады. Әсіресе, Қызылқұм аймағында тамыры тереңнен тартатын ғажайып күйшілік-домбырашылық дәстүр қалыптасқан.
Қызылқұм – Әмудария мен Сырдарияның ортасындағы шөлейт алқапта орналасқан, қазіргі Өзбекстан, Қазақстан, Түркменстан мемлекеттерінің аумағына ортақ өлке. Белгілі дыбыс режиссері, қазақтың ән мен күйі, жыр мен термесінің жанашыры Мақсат Мұхитденов: «Оңтүстік күйлері, әсіресе Қызылқұм даласын мекендеген қалың жұрттың ән-күйі, іргелес Мырзашөл, Тамды, Жызақ топырағында өніп-өскен жұрттың өнері – өз мақамы, өз сазы қалыптасқан дариялы бір қазына» деп жазған еді («Байсын қалай «басмашылар» күйіне айналды» / «Қазақ әдебиеті» газеті. 13.06.2019 ж.).
Шынында осы аймақтың күйлері өзіндік ерекше сазымен, орындаушылық мәнерімен, күйлерінің құрылымдық ерекшелігімен дараланып тұрған бөлек сарындағы туындылар. Қызылқұм күйлерінің басқа өлке күйлерінен басты айырмашылықтарының бірі – қазақтың күй мәдениетіндегі шертпе және төкпе деп жіктелетін үлкен екі бағытта дамыған күйлердің ортақ орындаушылық әдіс-тәсілдері қатар кездеседі. Шертпе және төкпе күйлердің өзіне тән құрылымы, орындаушылық әдіс-амалдары бар. Бұл жөнінде алғаш салмақты пікір білдірген күйші, өнер зерттеушісі, жазушы Таласбек Әсемқұлов: «Қазақ күй өнерінде зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген бір үлкен құбылыс бар. Ол – шертпе күй деп аталатын Арқаның нақысты күйі мен төкпе күй деп аталатын батыстың болат күйінің қақтығысқан жерінде пайда болған, ұлы мектептің де ерекшеліктерін бойына сіңірген Сыр бойының дәстүрі. Әлбетте, бұл дәстүр, бұл мектеп – шертпе күй мен төкпе күйдің механикалық қосындысы емес, көне замандардан тамыр тартқан аралық дәстүр. Таза, қоспасыз күй үлгілерімен жұмыс істейтін зерттеушілердің бұл күй мектебі туралы пікір айта алмауы осыдан болса керек». Бұл жерде Таласбек Әсемқұловтың «Сыр бойы дәстүрі» деп отырғаны Жиделі-Байсын, Қызылқұм дәстүрі. Себебі ол бұл қорытындыға Оразбек Сәрсенұлының күйлерін тыңдағаннан кейін келгені белгілі.
Қызылқұм күй мектебінің тағы бір көрнекті өкілінің бірі – Оразбек Сәрсенұлы. Ол өзінің азғантай ғұмырында артына өшпестей із қалдырған, өзіндік орындаушылық шеберлігімен, ешкімге ұқсамайтын үрдісті қалыптастыра білген майталман күйші. Оразбек Сәрсенұлы 1923 жылы 17 қазанда қазіргі Түркістан облысы Арыс ауданындағы Байырқұм елді мекенінде дүниеге келген. Мектепте алғыр, өте зерек болып, тоғыз сыныпты бес жылда тәмамдап шыққан екен. Кейін Түркістандағы колледжді педагог мамандығы бойынша аяқтап, Байсақал ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Бір жылдан кейін мектеп директорлығына тағайындалады. Балалары ер жеткесін, олардың болашағына алаңдаған Оразбек сауда жағына ауысып, өмірінің соңына дейін сол салада еңбек еткен. Артында қалған ұрпақтарының және көзін көрген адамдардың айтуынша: «Оразбек Сәрсенұлы ұзын бойлы, атжақты, жүзі мейірімді, кішпейіл, кең пейілді кісі болған. Қайда барса да қолынан домбырасын тастамапты».
Оразбек әкесі Сәрсеннен он жасында жетім қалады. Бұл туралы Оразбек күйшінің балаларына арнап жазған «Орынбекке арнаймын» деген өсиетнамасында: «Мен әкем Сәрсеннен он жасымда қалғанмын. Олай бол, бұлай бол деген әке сөзін естіп, мәнісін білмедім. Әкем дүниеден өтердің алдында 1933–1934 жылдары ашаршылық болған. Аталық мейірімін сала отырып, ақыл айтудың орнына біздерді қайтіп асыраймын деп, Қызылқұмның құлазыған елсіз жерінде екі қақпанды иығына салып арқалап, киік ұстап, соның етімен бізді асырады. 1935 жылы елде тойыншылық болғанда, қазіргі Шымқорған мал совхозының арғы жағында Алтықұдық деген жерде қайтыс болды» деп есіне алады. Бала кезінде қайтсем де әкемнің басына белгі қоямын деген серт байлайды. Бірақ жылдар өте, бұрынғы Алтықұдық құмның астында қалады. Әке рухымен жігерленген Оразбек «Қызылқұм» атты күй шығарып, оны әкесі Сәрсенге арнап, есімін асқақтата түсті. Ал Оразбектің өмірден өткенде бесікте қалған кенже қызы Күлайна әке аманатын арқалап, Оразбектің күйшілік, ақындық мұраларын зерттеп, азаматтық келбетін сомдап, бүгінгі тыңдарманға жеткізді.
Оразбек Сәрсенұлы 1969 жылы ауыр науқастан, небәрі 46 жасында өмірден өтеді. Сол жылы көктем де кеш шығады. Жетінші мамыр күні таңертең балаларын шақырып: «Домбырамды, жан серігімді беріңдерші!» – деп, өзінің «Қызылқұм» күйін қайта-қайта орындайды. Одан соң: «Осы салалы саусақтар да бір күні топырақта шіриді-ау!» –деп қатты күрсінеді. Екі күн өткен соң даңқты күйші-композитор, сезімтал ақын, жыршы-термеші дүние салады. Күйші Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Аязхан Қалыбеков ауылында жерленген.
Биыл, 2023 жылы, туғанына 100 жыл толып отырған, артына өшпес мұра қалдырып кеткен Оразбек күйшінің есімі күйлерімен бірге мәңгі жасай бермек.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеуші