2025-04-30 01:51:29
19.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қазақта қала мәдениеті болған ба?

Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан Түркістан өңіріне, әсіресе, Түркістан қаласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Тіпті, кей ағайындар «дағдарыс кезеңінде қала салу қаншалықты дұрыс?» деген сұрақты төтесінен қойып жүр. Жөн-ақ. Дегенмен әр істің, әр бастаманың тарихи негізі мен алда күтілетін жоспары болады. Осы екі тұрғыдан алып қарасаңыз Түркістанның қайта түлеуге, қайта жаңғыруға әбден лайық екенін аңғарасыз.

Қожа Ахмет Ясауидей ұлы ғұлама, ізгілік жаршысы өмір сүріп, білім мен дін шамшырағын жаққан көне шаһар тұтас қазақ халқы үшін қадірлі әрі қастерлі. Себебі осы кесене маңында күллі қазақтың 21 ханы мен жүзден астам айбынды батыр, би, ғұлама, қайраткерлері мәңгі қоныс тапқан. Мағжан ақынның «Түркістан – екі дүние есігі» деп жырлауы бекер емес. Терең тарих пен жарқын болашақ тоғысатын жер бұл.

Түркістанның қай ғасырдан бері қала болғаны туралы тарихшылардың пікірі сан қилы. 2000 жылы 1500 жылдығы атап өтілді. Алайда соңғы жылдардағы зерттеулер қаланың тарихы одан да тереңде екенін дәлелдеп жатыр. Профессор Жамбыл Артықбаев өзінің ғылыми мақаласында тарихшылардың зерттеуіне сүйене отырып, Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелі адамдардың 550 мың жыл бұрын мекендегенін жазған. Орыстың П.Рычков деген зерттеушісі  Ташкент, Ходжант, Кашкар, Табат және өзге де қалалар, яғни, Орта Азия үшін Түркістан қаласы орталық сипатында болғанын сөз еткен.

«Қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, метталургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазір Түркістан кішкене қала болғанымен ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы, Тұран өркениетінің алтын бесігі болды», – дейді Жамбыл Артықбаев.

XVI ғасырдан бастап шаһарға «Түркістан» атауы қалаға мықтап бекіп, қазіргі таңға дейін жетіп отыр. 3 ғасырдан астам уақыт бойы Қазақ хандығының астанасы болуының өзі Түркістанның қазақ үшін аса құнды екенін аңғартады. Италия үшін Рим, Грекия үшін Афины қандай қымбат болса, Қазақ елі үшін Түркістанның орны соншалықты айрықша.

Бүгінде қала туралы зерттеулер әлі де жалғасып жатыр. «Күлтөбе» қалашығын, ашық аспан астындағы мұражайын саяхатшыларға, тарихшыларға  таныстыру жолдары жүйелену үстінде.

Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы,ҚР ҰҒА академигі және Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев баяндады

«Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымды ашамыз. Мұнда табылған жерлеулер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді», – деді Бауыржан Байтанаев.

Ия, Сіз қағыс естіген жоқсыз. 3 мың жыл. Археологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған жәдігерлер осы ойға жетелейді. Жалпы, қала деген не? Оның қатардағы қоныстан айырмашылығы неде? Бұл туралы ғылым былай дейді. Қала дегеніміз – ғылымы мен мәдениеті дамыған, тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және басқару мекемелерінде жұмыс істейтін,  халқы тығыз орналасқан ірі елді мекен. Қалада әкімшілік басқару орындары, ғимараттар, көшелер болуы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда Түркістан ежелден-ақ қала мәртебесіне сай болған. Сондықтан ел тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең ауқымды әрі маңызды істің бірі деп Түркістанды қайта түлетуді айтуға болады. Түркістанды дамыту – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты іске асқанының көрінісі. Түркістанды дамыту – «қазақтарда мемлекеті, өз жері болмаған» деп көкіген кейбір көкезулердің қыжыртпаларына нақты жауап.

Түркістанды жаңғырту – Оңтүстіктегі шекарамызды нығайтудың, демографиялық өсімді ұлттық бағытқа бұрып, «Мәңгілік Ел»  идеясын жандандырудың бір тетігі. Қазақ халқының өркениеті, қала мәдениеті мен сәулет өнері, ғылымы, тарихы мыңжылдықтарға тамыр тартқанының белгісі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі істі жалғастыруымен тұтас халқымыз ұлы шаһарды қайта жаңғырту миссиясын атқарып жатыр. Осы ұлы үрдіс жалғасуы тиіс. Түркістан тарихы туралы таңнан-таңға дейін сөз қозғауға болады. Біз Түркістан облысы құрылған 3 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға, негізгі көрсеткіштерге қысқаша шолу жасап көрелік.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР