2021-10-27 21:27:44
12.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Ата-ана әлеуетіне байланысты зерттеу нәтижелері

Ата-ана әлеуетіне байланысты зерттеу нәтижелері 1
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ағымдағы жылы «Ата-ана болу модельдері және ата-ана әлеуеті» тақырыбындағы әлеуметтанушылық зерттеу нәтижелері бойынша талдамалық баяндама жасады. Деректерді талдау жұмыстары бірнеше сериядан тұратын сараптамалық сұхбаттардан құрылаған.
Сарапшылардың пікірінше, қазақстандықтардың репродуктивті ұстанымдарына, ең алдымен, құндылықтардың сабақтастығы (ата-аналарында болған отбасы моделінің жаңғыртылуы), экономикалық жағдай, этникалық факторлар, діни фактор әсер етеді. Балалардың оңтайлы санына қатысты ұстанымдар ата-аналық отбасының әсерінен басқа бірқатар факторларға байланысты, олардың ішінде білім деңгейі (әдетте, білімі неғұрлым жоғары болса, отбасындағы балалар саны соғұрлым аз болады), тұрғылықты жері (ауылдық жерлерде туу деңгейі қалалық деңгейге қарағанда жоғары), діндарлық (дін контрацепцияға тыйым салады) және этникалық (әр этностың өзіндік мәдени ерекшеліктері мен матрицалық ұстанымдары бар). Экономикалық жағдай тағы бір маңызды фактор болып табылады: табысы төмен отбасыларға қарағанда тууды жоспарлау көбінесе табысы орташа отбасыларға тән.
2020 жылы Қазақстанда бала туғанда ананың орташа жасы 29,2 жасты құрады. 20 жылдық кезеңде Қазақстанда ана болудың (жүктіліктің алғашқы басталуы) орташа жасы 26-дан 29 жасқа дейін өсті. Ер адамдар үшін бұл көрсеткіш әдетте бірнеше жасқа жоғары. 2019 жылы баланы туу кезіндегі ананың орташа жасы 28,9 жасты, 2018 жылы 28,7 жасты, қалалық жерлерде — 29 жасты, ауылдық жерлерде — 28,3 жасты құрады.
«Қазіргі уақытта жас уақыты мен әлеуметтік нормалар туралы дәстүрлі көріністер өзгеріп жатқанын атап өткен жөн, бұл өз кезегінде қоғамдағы репродуктивті қатынастарға әсер етеді, бірінші баланы туу жасы біртіндеп өсіп келеді. Ата-ана болудың бұл үрдісі қазақстандық қоғамға ғана емес, жалпы қазіргі әлемге тән», — дейді сарапшы мамандар.
Қазақстандық отбасыларда ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасына негізделген тәрбиенің бірнеше стилін бөліп көрсетуге болады. Олар демократиялық, авторитарлық, либералды және жатсыну стилдері.
«Қазақстандық қоғамда көбінесе ата-ананың демократиялық немесе авторитарлық стилі басым. Авторитарлық стильге бақылау, әдетте асыра қамқорлық таныту, мәжбүрлеу, балаға қысым жасау тән. Кейде мұндай отбасыларда ұру жазасы қолданылады. Мұндай отбасыларда психологиялық қысымды, кейде психологиялық зорлық-зомбылықты қолдану – мәжбүрлеудің тағы бір түрі болып табылады. Тәрбиенің бұл түрі баланы қорқытуға негізделген». Мұндай қорытындыны талдамалық зерттеуді жүргізген сарапшы мамандар жасап отыр.
Зерттеу нәтежиелері бойынша, Қазақстанда жалғызбасты ата-аналық отбасылардың үлесі өте жоғары – бұл әрбір бесінші отбасы, яғни еліміздегі отбасылардың 20% жалғызбасты. Көбінесе бұл әкесіз отбасылар.
Жаппай сауалнама деректері ер адамдардың балалармен қарым-қатынасының төмен деңгейін көрсетіп отыр. Сонымен, «отбасылық-демографиялық саясат» (2021) зерттеуінің деректеріне сәйкес көбінесе аналар балаларымен уақыт өткізеді, айналысады немесе серуендейді. Бұл функцияны аналардың 38,15%, әкелердің тек 2,1% және отбасылардың 40,2% орындайды.
Сарапшылардың көпшілігі қазақстандық отбасыларда рөлдерді дәстүрлі бөлу бар екенін атап отыр. Әдетте, ер адам үшін бұл отағасы рөлі (шешім қабылдау) және отбасын материалдық қамтамасыз ету, әйел үшін – күнделікті тұрмыс пен бала күтімі. Мәселен, отбасының 70%-ында күйеуі отағасы болып саналады, 4%-ында әйелі, отбасының 20,6%-ында шешімдер бірге қабылданады. («Отбасы — демографиялық саясаты» әлеуметтік зерттеуінен, 2021 ж).
Зерттеуші мамандар сараптамалық сұхбат барысында ата-ана әлеуетін іске асырудағы бірнеше кедергілерді де анықтап отыр. Олар: экономикалық, құндылықтық-нормативтік, ақпараттық, институционалдық, психологиялық, әкімшілік-құқықтық сипаттарға ие.
Талдамалық зерттеу қорытындысы бойынша ҚҚДИ сарапшы мамандары:
«Сандық және сапалық деректерді талдау қазіргі уақытта бала тәрбиесінде әйелдің рөлі басым екенін көрсетеді (аналар балалармен көбірек уақыт өткізеді, олардың тәрбиесіне, бос уақытын ұйымдастыруға және оларға күтім жасауға көп көңіл бөледі). Сондықтан мемлекеттік саясат әйелдерге үй шаруашылығын жүргізе отырып, жұмыс істеуге де, оқуға да мүмкіндік беретін жағдай жасауға бағытталуы керек. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелер әлі де: кедейлік деңгейін, әсіресе көп балалы отбасылардағы кедейлік деңгейін төмендету, әйел-аналардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, осал отбасыларды әлеуметтік қолдаудың өзекті шаралары мен оларды алу тәсілдері бойынша халықпен ақпараттық жұмыс жүргізу, бюрократиялық кедергілерді жою болып қалып отыр. Сондай-ақ, «әкелік квоталар» беру және әкелерге тренингтер өткізу арқылы әке болуға ынталануды дамытуға ықпал етуді жетілдіру қажет», — деген тұжырым жасап отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР