2024-04-20 11:48:00
23.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Билік – басты тілдік орта

Билік – басты тілдік орта

Тілдік ортаның ішіндегі жетеккүш/локомотив не? Ол ресми орта – елді билейтін мемлекеттік сектор. Егер бұл сектор мемтілге деген көзқарасын біржолата алаңдамастан, манипуляциясыз кірісетін болса, онда қалған екі сектор: коммерциялық және қоғамдық орта да басқа тілге қарай жамбастауды доғарады және сылтау іздемейді, тіл саясатына кедергі жасап машқатақа бара қоймайды. Мемсаясатты айдалаға ала қашпайды, сыртқы күштерді елдің ішкі саясатына қарсы айтақтамайды.

Бұған дейін мемсектор тіл саясатын қалай жүзеге асырып отыр? Ресми ортада конституцияның 7-бабының 2-тармағы бұрмаланып, «орыс тілі – ресми тіл» деген жалған тұжырыммен, орыс тілінде ғана мемлекеттік іс жүргізілуде. Бұл үдерісте бір емес, екі құқық бұзылып отыр: біреуі атазаңның «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген 7-бабының 1-тармағы, яғни мемлекеттік құзыр мен құқық бұзылса, тағы біреуі – мемлекеттік қызметтегі қазақтілді қызметкерлердің құқығы бұзылып келеді.

Қазақтілді қызметшілер аудармашының рөлінде және олар өздерінің құзыреттілігін/компетенциясын толық мемлекеттік тілді қолдануға пайдалана алмай, монотілді қызметшілердің ыңғайына жығылумен келеді. Ал бұл – обал ғана емес, қылмыс.  Осы жерде мемлекет неге осы екі тарапты біріктіретіндей  саясат жасай алмай отыр? 30 жылдың ішінде бұл сала бойынша алға басу неге жоқ?

Бұның шешімін бірден айта кетейік. Осыдан кемі 20 жылдай бұрын елде қостілділік деген сырттай қарағанда күлкілі болғанымен дұрыс саясаттың сұлбасы басталған еді. Бірақ бұл ішкі мазмұны анықталмаған жалаң идеологияға айналып, дабыра күйінде қалды. Шын мәнінде жоғары мемлекеттік органдардағы мемқызметшілерден қос тілділік құзыреттілік талап етіліп, оны бірте-бірте мемтіл пайдасына қарай бұрғанда, қазіргідей қайшылық қалыптаспаған болар еді. Оны қалай ұйымдастыруға болар еді? Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік мемқызметшілерді ҚазТЕСТ жүйесі арқылы қазақ және орыс тілдері бойынша сынақтан өткізеді де, мемлекеттік қызметтің дәлізінде кім қай тілге жүйрік болса, сол тілде қызмет ете бастайды. Бірақ қостілді қызметшіге сәйкесінше ерекше жағдай жасалады, өйткені ол – елдің тіл саясатын қолдаушы әрі дамытушы фактордың тиегі! Екі тілді қызметші мансап бойынша жоғарылауға барынша мүмкіндігі болуы тиіс. Және де мемлекеттік қызметте құжатты бір тілден екіншісіне аударып, артық шығын мен жалған «қостілділік» жүргізудің мүлдем керегі жоқ.

Ал біртілді/монотілді адам дегеніміз кім? Ол – орыстілді қызметші. Әдетте қазақтілді қызметкердің кемінде 80 пайызы екі тілге жүйрік. Кім ұтты? Мемлекеттің  саясаты ұтты және оның саясатын алға бастырып отырған кез келген қостілді этнос өкілі ұтты! Бұндай саясатқа кім шағымданады? Біртілді және мемлекетті менсінбейтін өзімшіл, кездейсоқ монотілді «қызметші» ғана шағымданады. Шағымдана берсін… тіпті кездейсоқ адам ретінде өзіне жұмысты басқа сектордан іздесін! Бұл жерде кездейсоқ қызметшілердің мүддесіне мемлекеттік мүддесі мен құзырын қор қылуға неге жол беріледі? Міне, осылайша басталған дұрыс саясаттың аяғы болмады, мазмұны ашылмады, саясатқа айналмады. Бірақ аса мықты орыстілді маманды да мемлекеттік салада қызметке алуға болады, бірақ оны мемлекеттік қызметкер ретінде емес, белгілі бір сала бойынша сарапшы-маман ретінде! Тіпті ондай маманды шетелден де тартуға болады. Яғни мемлекеттік мүддені алға бастыру үшін барлық жағынан да заң мен қисын жеткілікті.

Мемлекеттік ұйымның/мекеменің отырысын қай тілде жүргіземіз? Екі тілде бірдей. Қалай сонда? Қазақтілді қызметкер мемтілде сөйлесе, орыстілді қызметкер орыс тілінде ойын айта береді, бірақ екі тарапқа да бірдей талап қойылады: қызметші толық меңгермеген тілді ауызекі түсінуге тиіс. Егер де мақұрым болса, ондай адамды «көпұлтты» Қазақстан мемлекетіне қызметші етіп алуға әсте болмайды!!! Бұл базар емес, әркім өз тілімен түсінісіп, сауда жасай беретін, бұл – мемлекет!

Бірақ бұл саясат жалғаса бермейді. Мерзім жағынан бес жылды ғана қамтуы мүмкін, бұл уақыт ішінде нағыз қостілді, тіпті мемтілді өте жақсы меңгерген келесі ұрпақ әлгі дүбәрә буынды ығыстырып шығады болмаса бес жылында мемқызметшілердің барлығы дерлік меңгеріп шығар еді. Болды!!! Осылайша мемлекеттік сектордағы тіл мәселесін бас аяғы 5 жылда шешіп тастауға әбден болады.

Мемлекеттік дәліздегі тілдің қандай екендігі көшедегі яғни қоғамдық сектордағы адамға қандай қатысы бар? Ешқандай да.  Көшеде шемішкі сататын болмаса зейнетке шыққан,тіпті студентке де мемлекеттің қай тілде қызмет ететіні ешбір кедергі етпейді, ал мемлекет тарапынан керек құжат пен хат-хабар екі тілде бірдей беріле береді. Ендеше бұған қоғамдық пікір мен демографияның қандай қатысы бар?! Мемлекеттің өз қызметін мемтілде атқаруына ешбір демографиялық жағдайдың әсері жоқ. Ол заңды да, шешімдерді де, отырыстарды да қазақ тілінде атқара алады және солай болуы тиіс. Бірақ қоғамдық орта болмаса тіл  саясаты үшін ол жерде демократиялық  сайман – ілеспе аударма болса жеткілікті, сосын қазақша түсінбейтін қарапайым азаматтың хаты мен тілегіне орысша нұсқасын/аудармасын беруге адам құқығын бұзбау жағы қарастырылса болғаны.

Бұл мемлекеттің мәдениетін де қалыптастырады, мемлекет пен азаматтық қоғам арасын да жақындатады. Бірақ аудармамен бірге мемтілдегі түпнұсқа міндетті түрде қоса жүруі керек. Керісінше, түпнұсқа орысша болып, оған қазақшасы қосақталмауы тиіс. Негізінде дұрыс болғанда, қазақстандық тіл саясатының идеалы осылай болар еді!

Ал біз бұның орнына не істедік? Қазақтілді қызметкерді аудармашы етіп қойып, орыстілді құжаттарды архив үшін соған аудартып отырдық, ал нағыз тілдік орта тек қана орыстілді болып қала берді, қазақ тілінің ресми саласы аударма-калькалық сипатқа көшті.  Бұл шын мәніндегі қылмыс еді. Ақырында қазақтілді қызметкерлер орыс тілдене бастады. Қазақ тілінің ресми саласы дамымай кері кетті. Ал тілдік ортаның бастысы – мемлекеттік дәлізде.

Осы жерде қоғамда әбден тізесі шыққан қисынсыз тіркестерге қатысты ой өрбіту керек болып отыр. Мысалы көптеген өңірлерде «тілдерді дамыту» деген жалпақшешей тіркес ресми басқармалар мен департаменттің,тіпті комитеттің де атауына кірістірілген. Бұл жосығы жоқ қисынсыз нәрсе: елде 100-ден аса этнос болатын болса, Қазақстан соншама тілдерді дамытуды мойнына алуы – абсурдтың абсурды. Шын мәнінде әлгі мүсәпір ресми атаулар «тіл саясаты жөніндегі» бөлім, департамент, басқарма, комитет сықылды болып келуі керек еді.

Жіктей айтатын болсақ, орыс тілі онсыз да дамыған халықаралық тіл және оны одан әрі дамытатын Ресей федерациясы бар, бұл туралы өзбек, украин, поляк, неміс, түрікпен, қырғыз, шешен-ингуш,  түрік тағы басқа тілдер туралы да айтқан қисынды болмақ. Ал ұйғыр, дұңған, курд секілді тілдерді дамыту үшін бұл этностардың алдында тарихи әрі заңдық күші бар халықаралық құзыр мен құзыреттілікке ие болуы керек, яғни БҰҰ болмаса ЮНЕСКО алдында міндеттеме алып, соған сәйкес талап пен қолдау болса ғана оларды дамытуға міндетті болмақ. Ал елдегі этносаралық татулық нығайтудың бұл салаға ешбір қатысы жоқ. Сондықтан мемлекеттік тіл саясатының берекесін кетіріп келген жалпақшешейлік пен жалған бастаманың құйрығы бір тұтам болғандықтан да бұл салада нәтижесізбіз. Алайда, қоғамдық деңгейде жергіліктенген тілдік саясат үшін бұларды ішкі саясаттың бір көрінісі ретінде назар аударуға әбден болады, бірақ ол тарихи даму міндетін мойынға алу деген сөз емес.

Ал халықаралық деңгейде әлгі ұйғыр, дұңған, курд тілдерін дамыту үшін сол этностардың тарихи жерін ұстап отырған мемлекеттерге қарата бастама көтеру – Қазақстанның халықаралық аренадағы міндеті ғана емес, өзіміздегі әлгі диаспораларды рухани қолдау болмақ. Тұжыра айтқанда, ұйғыр мен дұңғанның тілін дамытуға тиісті мемлекет – Қытай, курдтардың тіліне Ирак пен Түркия міндетті. Ал түркілердің қара шаңырағын ұстаушы басты ел ретінде ноғай, тыва, қарақалпақ, құмық, қарашай-балқар, ғағауыз тағы басқа түркі жұрттарының тілдерін ғылыми әрі араластық үшін тілбілім саласы бойынша дамытуға үлес қосу қай жағынан да жарасымды әрі қисынды. Сол үшін де тарихи-рухани миссиясы Түркістан қаласында жалпытүркілік тілбілім институты құрылса, ол қазақ тілінің де дами түсуіне ықпалы зор болмақ.

Ал қазақ тілін дамыту керек пе? Әлбетте. Мемлекеттік мәртебесі бар тіл үшін бүгінде терминология мен лексикология, аударма саласы мейлінше даму үдерісін қажетсінуде. Тіпті, бұл салаларға арнайы институт құру қажеттігі бар.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР