Әрбір тілдің өзге тілдермен араласар көпірі болады, ол – аударма саласы. Аударма техникалық сипаты жағынан жазбаша және ауызша болып екіге бөлінеді. Ауызша аударманы «ілеспе аударма» деп те, қазақы мағынасында «тілмаш аударма» деп те атауға болады. Сондай-ақ, аударма саласы мазмұнына қарай ғылыми, әдеби, ресми және тұрмыстық деп те жіктеледі.Алайда, қазақ тілінің бүгінгі көпіріне қарап, бұлардың ара-жігін ажырату мүмкін емес.
Тілдің аударма саласының ахуалын қарастырғанда, оның қазақ тілін өзге тілдермен қатынастыру қабылеті қандай деген мәселеге амалсыз тірелеміз. Жалпы, аударма саласының дамуы тілдің өзге тілдермен сандық және сапалық жағынан қарым-қатынастық сипатын білдіретін көрсеткі (индикатор) болып табылады. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілі әлемдегі қауқарлы ондаған тілдермен тікелей қатынас жасап отырғандығына күмәніміз бар. Себебі, Қазақстанның мемлекеттік тілінің өзге тілдермен аудармасы өзінен тікелей емес, орыс тілін делдал етіп, соны бетке ұстап қана күн кешіп отырған жайы барын жасыруға болмайды. Тіпті, оның өзі де анда-санда болатын аса сирек құбылысқа айналған.
Қазақ халқының демографиялық араластығы мен лингвистикалық мүмкіндігі барынша аралас-қоралас қытай, түрік, ағылшын, француз, испан, неміс, украин, өзбек, грузин, моңғол, парсы т.т. тілдік орталармен тікелей тұрғыда аудармалық араласу үдерісі көз үйренген жайтқа айналмай отыр. Аталмыш сала тек қана орыс тілінің құзыры арқылы атқарылатын лингвистикалық міндетке айналған. Мұның бір мәселесі, елдегі аталмыш шет тілдерін оқыту қазақ тілінде емес, Ресейдің мемтілінде бірыңғай жүргізіліп, сол тілдегі әдістеменің бар билікті қолына алуында болар. Сонымен, әлі күнге қазақ тілінің өзге тілдермен араласы, яғни, аудармасы білім саласында түпкілікті жолға қойылмай, тіпті, қарастырылмай отыр деуге болады. Әсіресе, қазақтілді орта мектептердің өзінде шет тілдері үшін қатынас тілі орыс тілі болып қалып отыр, яғни, қазақтілді балалар шет тілін орыс тілі арқылы үйренуге душар, тәуелсіз қазақтілді методика да көзге түспейді.
Түрлі еларалық форумдардың жұмысы елдегі онға тарта телеарнаның ішінде тек қана «Қазақстан» арнасында қазақшаланады да, басқасында теріскей елдің тіліне қотарылатыны жасырын емес. Өйткені, аудармашылар мен тілмаштар мұндай жұмысқа жылына бір-екі рет қана тартылатындығы жасырын емес, сондықтан оларда қандай дағды мен білік қалыптасып, өзге тілмаштардың деңгейіне жете алсын! Қысқасы, қазақ тілінің аударма саласы бейнелеп айтқанда, көтерем күйінде. Сынап айтқанда, өз алдына лингвистикалық сала ретінде мемлекеттік назарда емес, аудармашылардың ресми, құқықтық мәртебелері айқындалмаған, оларға қажетті керек-жарақ пен мүмкіндіктер жасалмаған.
Қазақ тілмаштары мен аудармашылары үшін қазақ аудармасын дамытарлықтай не қоғамдық, не мемлекеттік немесе коммерциялық негіздегі құрылым жоқ! Қазақстанда таралатын компьютерлер мен басқа да ақылды саймандарда электрондық автоматтанған аудармалық сөздіктер бар дей алмаймыз, бар болса, ол жеке бастама түріндегі, ал мемлекеттік қолдаудағы ондай сайман жоқ және де тек қана орыс тілін тәржімалауға ғана арналған, оның өзі де іске жарамсыз, уақыттас,қажетті тілдік бірлікке балама табу қиынның қиыны.
Аударма саласы әсіресе енді ғана мемлекеттік мәртебе алып, дамуға амалсыз міндетті тіл үшін ерекше маңызы бар, оған бұрынырақта айтылған кейбір ұлтшылдардың сыңарезу пікірінің кесірінен жабылған барлық ілеспе аударма саласын өзегіміз өртене тұрып өкінішпен еске алуға мәжбүрміз.
Айта берсек, аталған сала бойынша мәселе жеткілікті,түйткілді шешуге арналған атқарылған жоба жоққа тән. Енді аударма саласындағы кейбір мәселелерді шешу жолдарын атап өтуге тәуекел етейік:
Тіл комитетінің құрамында аударма саласын дамытуға қажетті жобалар мен бағдарламаларды, әрекеттерді үйлестіретіндей бөлім болғаны абзал;
Қазақ тілінің Аударма саласын дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама керек;
Қазақтілді аудармашылар мен тілмаштар бірігіп, өздерінің қауымдастығын құруына мемлекет мүдделі болуға тиіс;
Аударма саласын дамытуға қомақты қаржы бқлуді қазақ тілін дамытудың бір тетігі ретінде қарау керек;
Аударма саласына арналған сан алуан тілдермен қазақ тілін араластыруды қолдайтындай арнайы электрондық портал жасақталуы қажет;
Қазақ тілінің әлемдік жетекші тілдермен қатынасын толық қамтитындай ғылыми-аудармалық кеңестер құрылып, олар қазақ тілінің сол тілдермен арадағы баламалық сөздігін түзуге кіріскені жөн;
Қазақтілді аудармашылар мен тілмаштарды сәйкес тілдік ортада дамыту мақсатымен шетелдерге біліктерін арттыру сапарларына жолдамалар қарастырып, оны Мәдениет министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі бірігіп үйлестіруі керек деген тілегіміз бар;
Барлық ресми мекемелер мен ақпарат беру орындарында ілеспе аударма жүйесі міндетті түрде қолға алынуы керек.
Өткен ғасырдың 90-жылдары жер-жерде ілеспе аударма сіңісіп, бір де бір жергілікті билік отырысы монотілде өтпейтін, соның арқасында қазақ тіліне ойысу мен білім алу үрдісі пайда бола бастаған-ды. Бірақ әлдекімдердің, бәлкім орыстілділердің ықпалынан болар, «бәрімізге түсінікті тілде сөйлейік» деген жетесіз ұранның жетегінде кеттік те, таз қалпымызға түстік.
Жалпы алғанда, кез келген тілдің шарықтау шегі оның аудармасының дамуынан көрініс табады. Ал, мемлекеттік тілдің ондай дәрмені әзірге аса аянышты жағдайда. Қайбір тіл де әлемдік және ресми деңгейге тек қана аударма арқылы жетеді, сондықтан бұл мемтілді дамытудың бастапқы сатысы мен басты бір кепілі ретінде назар аударатын уақыт жетті.
Серік Ерғали,
педагогика ғылымдарының магистрі