
Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!
Құрбан айт – бейбітшілік пен бірлікке, жақсылық пен қайырымдылыққа бастайтын мейрам. Бұл күні мұсылман қауымы Жаратқанға қол жайып, бейбіт өмір, берекелі тіршілік, ел амандығы мен рухани күш-қайрат тілейді.
Әлемді жайлаған бұл індет адамзат үшін сын сағат болды. Қатерді еңсеруде күш біріктіру, өзара бірлігімізді сақтау, бір-бірімізге жанашыр болу сынды қасиеттер қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Қаламыздағы эпидахуал күрделі екендігін жасырмаймын. Қазірдің өзінде инфекциялық аруханалар саны 17-ге жетті. Дайындалған төсек орындардың толымдылығы 60 пайыздан асты. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болғанымен, тұрғындардың өз денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігін арттыру маңызды екенін атап өткім келеді.
Әрбір мұсылман мереке аясында құрбандық шалып, жақындарына көмек көрсеткісі келеді. Қазіргідей жағдайда адамдардың топтасуы – дерттің асқынуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шешімі бойынша «қызыл» аймақтарда Құрбан айт намазы оқылмайды. Құрбандық мал онлайн тапсырыс арқылы арнайы орындарда сойылады.
Онлайн тапсырыстарды «qurban2021.kz» сайты арқылы 22 шілдеге дейн беруге болады. Мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап сайт арқылы өтініш білдіре алады.
Әдетте, жақсы сөзді жарым ырысқа теңейміз. Мейрамда айтылған игі тілектеріңіздің бәрі орындала берсін!
Шалған құрбандықтарыңыз бен ізгі ниеттеріңізге сауаптан жазылсын!
Айт қабыл болсын!
М. Әйтенов