2021-10-27 07:27:34
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Медицинада дәрігердің өзі дәрі болып табылады»

«Медицинада дәрігердің өзі дәрі болып табылады» 1

Қай уақытта болсын, медицина ғылымы өз өзектілігін жоғалтпай, әрдайым үлкен сұраныс пен білікті мамандарды қажетсінеді. Қазіргі таңдағы эпидахуалдың өзі, оның үлкен айғағы деп айта аламын. Менің осы саланы таңдауым – өзімнің ғана емес, елімнің де  болашағына басқан үлкен баспалдағым еді. Мамандық таңдау  үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәрігер болып, науқас жандардың  сырқатына шипа беріп, дертіне дәру болу үшін үлкен ерік-жігер мен мол қызығушылық, асқан төзімділік пен ісіне деген үлкен махаббат қажет.  Дәрігер болу үшін бейімділік, икемділік, қабілеттілік қасиеттері аздық етеді. Дәрігердің науқас  адамның сенімін ала білуі, ол адамды өзінің ауруымен күрестіре білуі маңызды. Сырқат жандарға күшін ғана емес, жүрегін де жұмсай білуі қажет.

Дәрігер болу – бала кезден бергі арманым. Әжем қатты сырқаттанып қалып, ақ халатты абзал жандардың көмегіне мұқтаж болғанда, осы мамандық иелерінің қаншалықты қажет екенін, жасап жатқан істерінің соншалықты кереметтілігін көріп, мен де дәрігер боламын деген сөзді санама сіңіріп, көңіліме түйдім. Ахуалды дәрменсіз, ғаламды қорғансыз еткен пандемияда тәжвируспен күресетін күрделі жағдайда да, осы халатты абзал жандар халықтан көмегін аянбайды. Оны сол сәтте «Жұқпалы аурулар» ауруханасындағы жұмысқа жұмылдырылған  өзімнен білемін. Ажалмен арпалысқан жандардың өміріне араша түсіп, күн-түн демей, өз бастарын қатерге тігіп, айлап ауруханаға түнеп жүрген ақ халаттылардың еңбегі ерен. Өзгенің өмірімен күресеміз деп өз өмірін бәйгеге тігіп, ажал құшқан абзал жандардың сәулелі ғұмыры баршаға үлгі.

Медициналық білімімнің негізі 2011 жылы  Оңтүстік Қазақстан медицина колледжіне жалпы тәжірибелі мейірбике ісінен бастау алды. 2015 жылы дипломымды алып, сол жылдан бастап, Қалалық Кардиологиялық орталықта кардиоранимация бөлімдерінде жұмыс атқарып келемін. 2017 жылы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында»  «Жүректің ишемиялық аурулары бойынша» 146 сағаттан тұратын оқу курсынан өтіп, өз білімімді әрі қарай жетілдірдім. 2018 жылы кешенді тест тапсырып, 119 баллды еншілеп, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті атандым. Университет қабырғасында жүріп, өз біліктілігімді арттырып, тәжірибе алмасу мақсатында 2020 жылы қазан айында Ümraniye Eğitim Araştırma Hastanesi Стамбул қаласында, 2021 жылы да Стамбулдағы  ​LIV Hospital ,Medipol Hastanesi(Kardiyoloji Bölümü) және 2021  Erdem Hastanesi (Koroner Yoğun Bakım Bölümü)   болдым. Түркия – медицинасы қарқынды дамыған елдердің бірі. Түркияның клиникалық диагностикалық орталығы жаңа технологиялық жабдықпен жабдықтандырылған.  Мені қуантқаны, Түркияға бару арқылы өз білімімді жетілдіріп, күрделі оталарды көріп,  өз елім үшін үлкен білім мен тәжірибемен оралғаным. Түркияда шетелдегі алдыңғы қатарлы медицина ға­лым­­дарымен кездесіп, айту­лы халықаралық жиындарда, тәжірибелерде болдым. Түріктердің аса күрделі оталарға батыл түрде тәуекел етіп отырғанын және адам сенгісіз шынайы жетістіктерге ие болғандығын, бұл саланың құпиясын тереңдете түскен ғалымдардың осынша көп легін көргенде таң қалдым. Қазіргі таңда, Халықаралық қазақ түрік университетінің кез-келген студентінде шетелмен тәжірибе алмасып, өзін дамытуға және оған университеттің толықтай қолдау көрсетіп, жағдай жасайтынына мен өте қуаныштымын. Бұл дегеніміз алдағы уақытта елімізде білікті мамандар көбейіп,  медицина саласы қарқынды дамиды деген сөз. Әр қызметкер  ел игілігі үшін атқарар қызметін тереңінен зерттесе, шетел асып дертіне шипа іздеп кететін, шетелдік квотаны жылдап күтетін отандастарымыздың  саны азаяр еді.

Бұл сала мені үнемі шабыттандырып, жаңа дүниелерді ізденуге құштарлығымды оятып отырады. Адамдарды емдеп, олардың оң нәтижесін көріп, алғысын алу мен үшін үлкен ғанибет. Бірнеше жыл бұрын оқу ордамыздың жастарымен Ордабасы алаңында серуен құрып жүріп, бір жағдайға кезіктік. Жүкті  әйел адам қан қысымы көтерілуі салдарынан есінен танып құлап қалыпты. Мезетінде ол кісінің өмірін ажалдан арашалап қалып, жедел жәрдем келгенше алғашқы  көмек көрсеттім. Сондай сәтте,  сол жерден табылғаныма қуанып, бойымды қуаныш кернеп, осы мамандықты таңдағаныма қатты қуандым. Антоний Кэмпиньский айтқандай, медицинада дәрігердің өзі нағыз дәрі болып табылады.

Қортындылай келе, дәрігерлік бұл – адам өміріне араша болып, барлық аурулармен күресетін батырлар. Осындай жауапкершілігі мол саланы таңдап, түркі халықтарының ортақ білім шаңырағына айналған Халықарарлық қазақ-түрік университетінде білім алып жатқаныма өте қуаныштымын. Инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерге ерекше назар аударатын университет басшылығына айтар алғысым ерекше. Ендігі менің мақсатым, өлім мен өмір арасында арпалысқан жандарға дер кезінде көмек қолын созу, алған білімімді дұрыс арнада тәжірбиеде қолдану. Осылайша, мені жетелеп келе жатқан мақсаттарымды жүзеге асырып, елімнің дамуына өз үлесімді қосуға бар күшімді саламын.

Райхан БЕРДІБЕК,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің

3 курс студенті

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР