2024-07-27 13:57:57
36.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Ясауидің ұл-қызы жайлы аңыз

Ясауидің ұл-қызы жайлы аңыз

Соңғы кезде алда болуы мүмкін су тапшылығы туралы сөз жиі қозғалып жүр. Тұщы су көзін табу жаһандық проблемаға айналып, қазақ даласы да ол мәселеден шет қалмайтыны айтылады. Тіпті, ауыз су үшін ірі қақтығыстарға жол ашып, қара су алтыннан қымбат болатын кез келетінін айтып, қараспанды төндіретіндер де бар.

Су тапшылығы туралы сөз бола қалса, Қ.А.Ясауидің ұлының қазасы туралы аңыз ойға оралады. Аңызда Қ.А.Ясауидің екі перзенті —қызы Гаухар ана мен ұлы Ибраһим шайық деген болыпты дейді. Ибраһим шайық диханшылықты кәсіп етіп, егін егіп күн көрген екен. Еккен егісін суару үшін сонау Қаратаудың қойнауынан бір бұлақтың суын бұрып, Яссы маңына дейін жетектеп әкелген екен. Бір күні Сүрі деген тайпаның ашулы кісілері келіп, Ибраһим шайықты кетпенмен басын шауып, су бұрған құлағына шыммен қоса бекітіп кетті дейді. Сонда, әлгі Қаратаудың бұлағын анау Сүрі деген тайпа өкілдері иеленіп, бұлақ суын рұқсатсыз бұрып алдың деп айыптап, соңы адам өліміне ұласыпты деседі. Кейіннен Гаухар ана жасы жетіп, өзі қайтыс боларының алдында бауыры қайтыс болған тұсқа өзін жерлеуді аманаттаған екен. Қазіргі Гаухар ана кесенесі тұрған жер сол Ибраһим шайықтың қайтыс болған жері екен деседі.

Даудың басы су мәселесінен шықты ғой, енді ондай дау болмасын деп жер астынан шипалы су шығарыпты деседі.

Ал, Қ.А.Ясауидің перзенті Ибраһим шайық жерленген жер Түркістан қаласындағы И.Жансүгіров көшесі №15а деген үйдің алдында елеусіз тұр. Тақтатас орнатылыпты.

Аңызда Гаухар ананың күйеуі болыпты десетін Әлқожа ата кесене-мешіті бүгінде жаңадан салынған «Керуен сарайдың» «Аренасы» тұрған жерге таяу жерде орналасқан. ХІХ ғасырда жазылған А.Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Сыдық» дейтін еңбекте Сыдық (Сыздық, Садық) төре орыс әскерімен Иқан маңындағы қақтығысынан кейін Түркістанға қарай жүрген бағытында осы Әлқожа кесене-мешіті ауласына аялдағанын жазады. Демек, Түркістаннан шыққан көне керуен жолдың бір ескі сүрлеуі осы Әлқожа кесене-мешіті маңынан өтсе керек. Қазір кесене-мешіт айналасын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр екен. Мына шеті мен ана шетінде тірлік істеп жүрген жұмысшылар.

Әлбетте, кез-келген оқиғаға екі жақтың нұсқасын қарап, объективті шешім шығарған дұрыс. Дегенмен, Ибраһим шайық пен Сүрі тайпасының қақтығысы туралы аңызда тек мына жақтың нұсқасы ғана бізге жетіп отыр. Конфликтінің арғы бетіндегілердің пікірі жоқ. Сондықтан, бұл аңызға баға беру қиын, тек әңгіме арасында «осындай аңыз бар» деп субъективті тұрғыда әңгімелеу қажет шығар. Мүмкін, Сүрі тайпасы деген этникалық топ ХІ-ХІІ ғасырда Сыр бойына келген Оғыз-сір (түрк-сир) тайпасының өкілдері болды ма екен? Ол туралы кейінірек айтып берермін. Бүгінгі әңгіме осы тұстан үзіле тұрсын.

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Өлкетанушы
Фото автордікі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР