2024-07-27 09:13:07
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Ұлы даламыз туристердің ұясына айналуы керек»

"Ұлы даламыз туристердің ұясына айналуы керек"

Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың  жаңалануына байланысты Халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы  қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды.

Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр. Құрлықтарды кесіп, теңіздерді кешіп бөтен ел мен бейтаныс жерлерді көру  адамдардың көксегені. Жер шарындағы саяхат ежелден бар екені анық. Әскери және ғылыми экспедиция ретінде қалыптасып өмірге келген. Алайда, ол  ішінаралық қана болып келген еді. ХХІ ғасыр басталғалы саяхат пен туризмнің дәуірі туды деуге болады. Ақшасы бар адам материалдық жақтан қанағаттанып ылғида қарап отырмас еді. Ол үшін өзге дүниеден рухани ләззат алу керек болады. Сол сәтте ішпегенді ішіп, көрмегенді көріп рақаттануды ойлаған адам туризмге ден қояды. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығы да зор.

Қазақстандықтар жөнінен айтар болсақ, сыртқы туризмге деген ынта жоғары. Ішкі туризмге деген қызығушылық бәсең. Ал, шетелдіктер үшін Қазақстан әлі де болса жабық, белгісіз өңір есебінде қаралады. Олай болатыны біз тәуелсіздік алғанымызға енді ғана 30 жыл болды. Кеңестер одағының құрамында қалтарыста қалып келгендіктен жабық болдық . Үгіт-насихат, әлемдік ақпаратқа шығу енді ғана қолға алынып жатыр. НЕГІЗІ Туристерді тартатын екі үлкен нәрсе болады. Біріншісі, табиғаттың таңғажайып кереметтері. Тылсым дүниенің құпиялары, жаратылыстың сырлары.

Таулары мен көлдері, құмдары мен орманы, даласы мен аң-құсы турист шақыратын бірінші нысан. Екіншісі, тарихи құнды жәдігерліктер дер едім. Мемлекетіміздегі сақталған ежелгі қалалар, ескі жұрттар, адамзат өркениетінің бастаулары. Осы екі нәрсе бар екені анық болса, үшінші болып, жол, көлік, қонақ үй секілді қызмет көрсету деңгейі қосылады. Яғни елдің «Сервистік» әлеуеті қаншалық? Ол да шешуші рөл атқарады.

Біздің мемлекетімізде, табиғат тылсымы мен жаратылыстың таңғажайыбы жеткілікті. Жеріміз кең, климаты әр түрлі болғандықтан, бір тамыз айының өзінде төрт маусымның элементтерін бір мезгілде көре аласың.  Қақаған аяз керек пе? Алатау мен Алтай бар. Ұшы-қиыры жоқ құмды дала керек пе? Қызылорда мен Атырау бар. Теңіз керек пе? Каспий, Балқаш, Алакөл бар. Тарихи құндылығына келсек, жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан мен оның ұлдары Жошы мен шағатай хандық құрған ұлы дала бізде жатыр. Азия мен Еуропаны қалтыратқан Алтын орда осы өлкеде. Оның қоныстары мен іргесі көмілген мекен бізде. Жер бетінің жеті ықылымын бағындырған Әмір Темірдің табаны тиген тағдырлы жері осында жатыр. Қолтаңбасы басылған ТҮРКІСТАН әне тұр. Енді біз сол шахбаз шаһардың халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуына жұдырық болып жұмылып, ел болып ерен күш салсақ, туристер шоғыры өздігінен қаптайын деп тұр.

Бұл өз кезегінде еліміз бен жаңа қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының теңдесіз, тамаша үлгісі болмақ деген ниеттемін. Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістанның өркендеуіне үлес қосу арқылы өркениетті елдердің санатына жақындай түспекпіз. Ол үшін мүмкіндік те жоғары. Ұлы даламыз туристердің ұясына айналарына сенімім кәміл.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын,  Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Ильхам», «Молда Бағыш», «Юнус Эмре» сыйлықтарының иегері

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР