2024-11-25 11:26:06
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда «Ауыл аманаты» бойынша балық шаруашылығына 258 млн. теңге қаражат бөлінген

Түркістанда «Ауыл аманаты» бойынша балық шаруашылығына 258 млн. теңге қаражат бөлінген

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінген. Жоба негізінде 3 мыңнан аса адам кәсібін жандандырған. Оның ішінде балық шаруашылығын қолға алғандар да бар. Бұрын мал бағумен айналысқан тұрғындар енді су маржанын өсіруге көшкен.

Түркістанда былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 19,8 млрд. теңге бөлінген. Қаржы игеріліп 3 мыңнан аса тұрғын кәсібін жандандырды. Соның ішінде 36-сы балық шаруашылығын қолға алған. Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров жоба негізінде тоған салып, онда 1,5 тонна шабақ жіберген. Қазір олар 3 келіге дейін жетіп, кәсіп иесі балық өнімін сатылымға шығарыпты.

«Біз мал асырап үйреніп қалғанбыз. Бұл біз үшін жаңалық болды. Балық шаруашылығымен бізде айналыса бермейді. Өзім тұңғыш рет қолға алып тұрмын. Соған қарамастан осы кәсіпті бастап көруге бел будым. Аллаға шүкір жәйлеп жүріп жатыр. Тоған салу үшін әкімдік үш гектар жер берген. Карп, сазан сынды балықтарды араластырып бағып жатырмын», – дейді кәсіпкер Ержан Асқаров.

Өңірде балық шаруашылығын ашам деушілерге 258 млн. теңге бөлінген. Ал түлкібастықтар қомақты қаражаттың арқасында кәсібінің нәсібін көріп отыр. Шаруа жер астынан шығатын бұлақ көздерін пайдаланып, су маржанын өсіруде.

«Біздің жақта жер астынан шығатын бұлақ бар. Сол жерге 2 бассейн салдық. Оның бірінде форель балығын өсіріп бастадық. Екіншісіне, түрлі балық түрлерін алып келіп, сонда өсіруді жоспарлап жатырмыз», – дейді кәсіпкер Еркебұлан Қайратұлы.

Түлкібас аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы балық өсіріп, кәсібін дөңгелетуге ниет білдіргендерге қолдау жалғасатынын айтады.

«Биылғы жылы 60-тан аса азаматтар мен кәсіпкерлер қызығушылық танытты. Оның 27-сі биылғы жылы 1,5 млн шабақ алып келіп, өздерінің жасап қойған тоғандарына жіберіп жатыр. Жылдың аяғына дейін 1000-1200 тонна балық өндіру ниетіміз бар», – дейді Түлкібас аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қуатбек Сағымбекұлы.

Аталған кәсіп түріне қаржы бөлу биыл да жалғасады. Себебі мамандар бұл бастама өңір экономикасын жақсартуға мол ықпал еткенін айтады. Жоба жүзеге асса тағы 111 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР