Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылы кооперативінде болып, шаруалармен кездесті. Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Мұнда жылына 4000 тонна ет дайындауды жоспарлап отыр. Жалпы, мал бордақылау алаңы 2,5 гектарды құрайды. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 20-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Кооператив асыл тұқымды мал санын арттырып, олардың өнімділігін көбейту мақсатында жұмыс жасап келеді. Кәсіпкер етті бағыттағы өнімді өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды мемлекеттік қолдауларға тоқталып, шаруаның жұмысына табыс тіледі. Одан кейін өңір басшысы Оранғайдағы «Яссы құс» шаруа қожалығына барды. Құс фермасының жалпы жер көлемі – 2 гектар. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Итальяндық қондырғымен жабдықталған құс фермасында германиялық «Ломан ЛСЛ» тұқымды тауық өсіріліп, тәулігіне 80 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Қоспалы жемді өздері әзірлейді.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы – негізгі драйвердің бірі екенін айтып, жауапты басшыларға осы саланы дамытып, кәсіпкерлікті қолдауды тапсырды.