2024-04-29 10:47:11
17.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанның негізі қаланғанына 3 мың жыл толды ма?

Түркістанның негізі қаланғанына 3 мың жыл толды ма?

ЮНЕСКО шешімімен осыдан жиырма шақты жыл бұрын Түркістанның 1500 жылдығы атап өтілгені есте шығар. Дегенмен, сол жылдардың өзінде 1500 жыл деп дөңгелектелген цифр Кеңес заманы тарқай қоймаған кезде-ақ жобаланғаны, ескіріп қалған дүние екені айтылып жүрді. Қазба кезінде табылған жаңа деректерді алға тартып, көне шаһардың негізі қаланғанына 2 мың жылдан астам уақыт болғанын алға тартқан ғалымдар болды. Соңғы кездері академик Б.Байтанаев бастаған ғалымдар Түркістан қаласының іргетасына 3 мың жылдан астам уақыт болғанын айтып, ЮНЕСКО-ға ұсыныс әзірлеп жатқанын айтып жүр.

Жалпы, қазіргі Түркістан қаласының бекітілген шекарасы шеңберінде Күлтөбе (Яссы), Ежелгі Түркістан, Шойтөбе, Қостөбе, Қойбота (Ғайыпата) секілді қалажұрттар бар екені белгілі. Осыншама қалажұрттардан бастау алатын қайнары бар қала Қазақ жерінде бар ма? Тек Шымкенттен басқа (Шымкенттікі 30-дан асады). Жоғарыда аталған қалажұрттардың қатарына соңғы кездері шартты түрде «Түркістан-1» деп аталып жүрген мекенжұрт (поселение) қосылды (геоккординаты 43°20’14.2″N 68°11’09.5″E). Қарашық өзенінің сол жағалауынан орын тепкен бұл мекенжұрттың жасы Қола дәуіріне дейін тереңдеп кетеді дейді ғалымдар. Б.Байтанаевтың қала тарихын 3 мың жылдық тереңнен бастау керек деп жүргені сол деректер ғой. Бұл нұсқаны тағы да тереңдете зерттейді деп сенеміз.

Қазіргі таңда Күлтөбе (Яссы) қалажұртында (ІІІ-ІV – ХІV-ХІХ ғғ.) қазба жұмыстары жүріп, аршылған тұстарын «ашық аспан астындағы музейге» айналдыру үшін үстін жабу жұмыстары жүріп жатыр (геокоординаты 43°17’37.4″N 68°16’16.2″E). Сондықтан, дәл бүгінде ол маңға туристер былай тұрсын, арнайы мамандардың өзін жолатпайды. Тек алыстан селфилетіп, кейбір ашық тұстарын ғана фотоға түсіру мүмкін болды.

Ал, XV-XIX ғасырларда өмір сүрді делінетін Ежелгі Түркістан қалажұртының (геокоординаты 43°17’50.2″N 68°15’58.3″E) орнында бір көшенің бойы толық аршылып, көрер көзге көрнекі етіп реставрацияланған. Мұнда Хан ордасы, Хан мешіті, бірнеше кесенелер қалпына келтіріліп, тұрғын жай махаллаларының орны жабдықталған. Кесене тұрған жерден Жеті-ата қақпасына қарай көне Түркістанның көшелерін елестете алатын тақырыптық бағыт қалыптасқан. Байқап көріңіз.

Шойтөбе қалажұртында (VI-XII ғ.ғ.) бірнеше рет болғанмын (геокоординаты 43°14’28.4″N 68°17’34.3″E). Айналасы қорғаныс қабаты мен су толтырылатын ор орындарын қазір шеңгел басып жатыр. Ал, көне Сүрі тайпаларының қонысына телінетін Қостөбе (геокоординаты 43°14’33.6″N 68°19’24.3″E) мен Қойбота (Ғайыпата) (геокоординаты 43°19’26.2″N 68°21’25.1″E) қалажұрттарына (екеуі де I-VI ғ.ғ.) әлі жол түспей жүр. Енді олардың қатарына Түркістан-1 мекенжұрты (қола дәуірі) қосылды. Оларға да бір күні барудың сәті түсер.

 

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Өлкетанушы
Фото автордікі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР