Бүгін «Ұлы дала елі» орталығында «Үздік оқыту үлгісі» облыстық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушыларының арасында байқау өтті. Салтанатты шараны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Тілдерді оқыту мәселесі өзектілігін жоймайтын, күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Оқыту технологиясы заманына қарай қоғаммен бірге жаңарып, өзгеріп, толықтырылып отырады. Тиісінше оған қойылатын талап та күшейе түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін нақтылады. Мемлекеттік тілді оқытып, үйретуде орталықтардың рөлі ерекше, – деді Әділ Нұржанұлы.
Байқау мақсаты қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған шетелдік және отандық әдіскерлердің идеяларын басшылыққа ала отырып, ересектерге қазақ тілін үйретудің әдіснамалық және авторлық әдістемелердің негізін қалыптастыру болып саналады. Осындай сайысқа әр аудан, қаладағы тіл оқыту орталықтарының қазақ тілі оқытушылары қатысуға ниет білдірген. Соның ішінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жетісай ауданынан келген Ұлболсын Бектемірге бұйырды. Ал жүлделі І орынды Кентау қаласынан Жайсанкүл Асханова, жүлделі ІІ орынды Сарыағаш ауданынан Мейрамкүл Досымбаева, жүлделі ІІІ орынды Мейрамгүл Райымқұлова иеленді. Сонымен қатар барлық қатысуға қатысқаны үшін арнайы дмплом табысталды.
Айта кетейік, Облыста өзге этностардың қазақ тілін оқып, үйренуіне қызығушылығы артып келеді. 2021 жылы қазақ тілін 4819 адам оқыса, оның ішінде 953-і, 2022 жылы 5004 адамның 727-сі өзге этностар. Ағымдағы жылдың бес айында тіл үйренуге өтініш берген 2230 адамның 453-і өзге этностар. Түркістан өңірінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 95 % құрайды. Өзге ұлт өкілдерінің 74 пайызы қазақ тілінде сөйлесе алады. Түркістан облысында 17 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтары бар. Орталықтарда 22 әдіскер, 31 қазақ тілі, 17 орыс тілі, 27 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді.
Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі