2024-04-29 03:20:56
8.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда тағы қандай сәулет ескерткіштерін көруге болады?

Түркістанда тағы қандай сәулет ескерткіштерін көруге болады?

Түркістанға келген кісі, әлбетте, қаланың ең негізгі сәулет ескерткіші – Ясауи кесенесі және оның жанында топтаса орналасқан Шығыс моншасынан бастап, Қылует, Жұма мешіт, Есім хан кесенесі, Тәуке хан (Сегіз қырлы) кесенесі, Рабия бегім кесенесі, Көшік сұлтан сағанасы, Шілдехана секілді сәулет ескерткіштерін де көреді. Бірақ, Ясауи кесенесінен қашықтау орналасқан тағы да басқа көруге тұрарлық нысандар сырт қап кетіп жатады. Мемлекет қорғауында тұрған сондай тарихи-мәдени ескерткіштердің бірнешеуіне тоқталайық.

Жәудір ана (Әжі Ахмет) мешіт-медіресесі Түркістандағы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басынан жеткен ескерткіш. Сол заманда көне қалада 62 мешіт-медіресе болса, Жәудір ана атымен аталатын діни орын соның ең танымалы, айналасы биік қоршау-қорғанмен қоршалған оқу орын болды. Ал, Кеңес заманы орнағасын мешіт-медіресенің кірпіштері бұзылып алып, май зауытының құрылысына пайдаланыпты. Қазір сәулет ескерткішінің сыртқы қоршауы мен қақпасы қалпына келтірілгенмен, аула ішіндегі құрылыс орындары реставрацияланбаған.

Әулие Құмшық ата қылуеті ХІІ-ХІХ ғасырлар арасына жатқызылады. Ескерткіш 185 жылы қайта қалпына келтірілсе, 2013 жылы жөнделіп, консервацияланған. Жерасты бункері секілді құрылыс иректелген дәліз бен түпкі бөлмеден тұрады. Дәліздің орта тұсында жарық түсуге арналған ойық бар. Өз заманында діни рәсімдер өткізуге арналған ірі нысандардың бірі болғаны байқалады.

Бала би (Тамабай) кесенесі Түркістан қаласындағы ХІХ ғасыр сәулет ескерткіші. Қазіргі орналасқан жері қала ішіндегі шағын Алшын деп аталатын көше бойындағы көне қорым ортасында тұр. неге екені белгісіз, көне қорым айналасы қоршалмаған. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған, шағын ғана болса да бастапқы көркем келбетін сақтаған. Дегенмен, жаңғырту және айналасын реттеу жұмыстары қажет-ақ.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР