Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев келді. Іссапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.
Қайрат Төребаев, алдымен, облыс аумағында орналасқан Өндірістік паркте болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Түркістан облысы халқының негізі табыс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан, көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі орасан. Өткен жылдың қазан айында Өнідірістік парк аймағында негізі қаланған қойма жобасының бастамашысы әрі жүзеге асырушысы – «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Жобаның серіктесі – «М-Адал» ЖШС. 1 гектар аумақта бой көтеріп жатқан қойманың көлемі – 3264 шаршы метр. Сауран ауданы аумағында орналасқан бұл қоймада маусымына 4000 тонна көкөніс сақталады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Қоймада ірі 9 камера бар. Оның 4 камерасының әрқайсысында 500 тоннадан, жалпы 2 мың тонна картоп сақталса, екі камерасына 500 тоннадан, жалпы 1000 тонна пияз сақталмауға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 250 тонна сәбіз, қырыққабат сақтайтын камералары да іске қосылады деп жоспарланған. Ал 500 тонна көкөніс құрғақ қоймада орналастырылады.
Одан соң, вице- министрге еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысы таныстырылды. Негізгі мақсат – жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Кәсіпорын басшысы Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларымен бөлісіп, тауар өткізу нарығын кеңейту, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру бойынша ұсынысын жеткізді.
Кейіннен вице-министр Өндірістік парк аумағында орналасқан жиһаз шығаратын кәсіпорында болды. «Ақниет Holding» толық өндірістік циклі бар отандық жиһаз компаниясы. Кәсіпорында 97 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы жасап, шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек.
Жалпы Түркістан облысында жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі — жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша облыс Республикада көш бастап тұр. Өткен жылы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 млрд теңге инвестиция салынып, республикалық көрсеткіштің 76,8 пайызын құрады.
Сонымен қатар, Қайрат Төребаев түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауытта болды. Түркістан қаласының маңында орналсқан «Golden camel» зауытының өнімдері экспортқа негізделген. Өндіріс орны Қытай мен Германиядан жеткізілген заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде компанияның жылдық өндірісі 480 тонна түйе сүті ұнтағын құрайды. Мұнда 100-ден аса жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 90%-ын құрайды.
Осы күні Қайрат Төребаев өңірдің бизнес өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров модераторлық етті. Алдымен, вице-министр Министрлік тарапынан салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жергілікті кәсіпкерлер бизнес жүргізу үшін қалыптасқан жағдайды одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып, отандық кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру туралы өтініштерін айтты. Одан бөлек, басқосу барысында отандық өнімдердің экспортын ұлғайту, тұрғындардың табысын арттыру жайы талқыланды. Жиын соңында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев көтерілген әрбір мәселе назаға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Кәсіпкерлікті дамытуға Министрлік бар күшін салатынын, ұсыныстар бойынша бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кейбір мәселелер бойынша жұмыстар басталып кеткенін мәлімдеді. Жұмыстар бақылауда болады.