2024-07-27 13:33:26
34.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қазығұрт – Ұлы жібек жолының бойында орналасқан туристік аймақ

Қазығұрт – Ұлы жібек жолының бойында орналасқан туристік аймақ

Түркістан облысының тарихи тағылымды, шежірелі өңір екені, оның жер-су аттарынан да байқалады. Қазығұрт тауының атауы соның бір дәлелі іспетті. Осы атаудың пайда болғанына мыңдаған жылдар болды дейді ғалымдар және бұл туралы ел аузында жыр да, аңыз да көп. Мұның бәрі бекерден-бекер болмаса керек, өйткені халық бірнәрсені білмесе айтпайды, ал ғалымдар кез келген нәрсені зерттемесе жазбайды.

Бабаларымыздың: «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?!» – деп айтып кеткен ғажап сөзі осының айқын дәлелі. Жоғарыда айтылғанның барлығы да Қазығұрттың киелі атау, қасиетті жер екендігіне күмән келтірмейді. Қазығұртқа байланысты қазір де көптеген көркем туындылар жазылып, ғылыми зерттеулер жүргізілуде.

Рас, байтақ Қазақ елі үшін Қазығұрт өңірі ыстық мекен. Аңызға тұнып тұрған қасиетті жер. Қасиетті демей не дерсіз, ол туралы аңыз-әпсана, жыр, дастан қаншама. Көнеден жеткен аңыз бойынша, бүкіл әлем су астында қалып, топан су басқанда Қазығұрт тауының жоғарғы шыңына Нұх пайғамбар кемесі келіп тоқтаған деседі. Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ескі аңыз осылай дейді. Желмаясына мініп, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз: «Қазығұрт – Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен, Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің…» деп жырлаған. Ежелгі жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда «Қазығұрт» атауының ең ежелгі түркілік нұсқасы – «қаңғұқ-урт» болған деседі. Мұндағы «Қаңғұқ» (қуыс, үңгір, шұңқыр) сөзі «бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы ана» дегенді білдіретіні айтылады. Тағы бір пікір бар. «Қазығұрт» атауы «Қазық» сөзіне «йурт» (жұрт) деген сөз тіркесу арқылы жасалған, яки адамзаттың «Қазық жұрты» дегенді білдіреді. Тізе берсек, Қазығұрт туралы маңызды дерек көп.

Ежелгі дәуір әдебиетінің інжу-маржаны саналған «Оғызнамада» және араб тілінде жазылған көптеген шығармаларда Қазығұрт тауының аты ерекше аталады екен. Аңыз түбі ақиқат деген, Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел бола алса керек. Мысалы, онда «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Нұх пайғамбардың мешіті», «Әбрахмат бұлағы», «Ғайып ерен, қырық шілтен», «Ата тас пен Ана тас», «Ақбура ата», «Көзді ата», «Кеме қалған» т.б. әулиелі жерлер, үш жүзден астам бұлақ, бірнеше үңгір бар.

Ғалым Қ.Өмірәлиевтың пікірінше, Қазығұртта осылайша аталатын қала б.д.д. бірінші ғасырда болған. Қазығұртта Кемеқалған аталатын жер бар. Сол маңайдан тастан қаланған қосу белгісі бар үлкен доңғалақ табылған. Бұл таңбаның өркениет әлемінде кең тарағаны белгілі.Оны шумерлер udu «Күн құдайы» («бог солнца») деп оқығанын Олжас Сүлейменов атап көрсеткен.

Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының пікірі мынадай: «Орыс ғалымдары Тәжікстанның теңіз деңгейінен 300 метр биігінен акуланың сүйегін тапты. Яғни, 12 мың 680 жыл бұрын Орта Азия топан су тұтқынында болған делінетін ғылыми дерек Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтаған деген аңызды тірілте түседі».

Бұл тау ел арасында «Қазығұрт әулие» деп те аталады. Ерте заманда бүкіл әлемді топан су басатынын Нұқ ғалаһи-уәссалам алдын ала біліп, ертерек қамданып, кеме жасатады. Топан қаптаған кезде жан-жануарлардың ата­лық және аналық жыныстарын алып, кемеге мінгізеді. Мұның ішінде төрт түлік малдың да тұқымы болады. Нұқ пайғамбардың жақ­сы адамдары мен туған-туысқандары – бар­лы­ғы сексен жан ғана кемеге кіреді. Су тас­қыны алты айға созылып, Нұқтың кемесі Қаз­ығұрт тауына қайырлайды. Қа­сиетті осы тау­дың жоталарына төрт түлік малдың, аң мен құстың алты айлық аштыққа арып-ашып қалған тұқымы түсе­ді. Оларға Жара­ту­шы ие мен пірлерінің шарапаты тиіп, аман қалады. Содан жер үстінде тіршілік қайта қа­лыптаса бастайды. Тау жоталарындағы жан-жануар­лардың аяғы тиген жерлері киелі, әу­лие болып саналады. Олар Қазығұрт ата, Ақ­бура ата, Көзді ата, Әңгір ата, Шілтер ата, Мейрам ата, Қайнар ата, Қызыл ата деп аталады. Кемеден түсіп, қоныстануға қалған 80 адамның 73-і шейіт болып кетеді. Нұқ пай­ғам­бардың өзі, Хам, Сам, Иофес атты үш ұлы, Әшиат, Ләйла, Айша деген үш келіні ғана аман қалған екен. Олардан адамзат ұр­пағы қайта өрбіп шығады дейді бізге жеткен аңыздардың бірінде. …Алатаудың батыс баурайында аласа тауда Қазығұрт атты әулие өмір сүріпті. Ол ақылды да әділ болып, өмірінің соңына дейін Құдайға қызмет етіпті. Талай рет елін апаттан аман алып қалған екен. Күндердің кү­нінд­е, Қазы­ғұрт әулие қартайып, шашын ақ шалған сәтте төскейдегі халыққа үлкен апат келеді. Олар бірін-бірі тонап, ел ішінде ұр­лық пен зорлық көбейеді. Әлдісі әлсізін, көбі азын тонау әдетке айналып, халық арасында алауыздық етек алады. Адамдар арасындағы ынтымақтан береке кетеді. Осы кезде жара­ту­шы Алла оларға жыландар мен шаяндарды жіберіпті. Аспаннан у аралас жаңбыр жауып, егістіктері уланады. Өзара тіл табыса алмай, Құдайдың қаһарына ұшыраған адамдарды жы­ландар мен шаяндар шағып, ажал құша­ғына алады. Ел арасын қор­қы­ныш пен үрей жайлап, зор азапқа ұшы­рай­ды. Көбі өліп, аз қалған адамдар Қазығұрт әулиеге келеді. Олар бұл арада жыландар мен шаяндардың жоқ екенін көріп, таң қалады. Қазығұрт әулиеге: – Бізді мына азаптан құт­қарып, ажалдан алып қалу тек сенің қолыңнан келеді. Сенің арың Құдай алдында таза, біз сияқты күнәһар пендеңе араша түсіп, ажал мен азаптан құтқар. Қателігімізді мойындап, алды­ңа бас ұрып келіп отырмыз, – деп жылап-еңі­реп, аяғына жығылып, бас иеді. Сон­да Қа­зы­ғұрт әулие: – Сендер құдай ал­дын­да күнәға ба­тып, кешірілмес қылмыс жа­са­дыңдар. Сол үшін Алла сендерді жазалап отыр. Егер сендер ақымақтық істеріңді тастап, бір-біріңді қинау­дан, тонаудан аулақ болсаңдар, араша түсейін, – дейді. Ажалдан қорқып, азаптан үрейленген әлгілер: «Тас­тай­мыз, енді қайталамауға уәде етеміз, егер осыдан құтқарсаң, бәрін де орын­даймыз!» – деп шуласып, ант береді. Қазығұрт әулие күнәһарлар күнәсін кешіру үшін Құдайға мінәжат етіп, дұға оқиды. Құдай Қазы­ғұрт­тың дұғасын қабыл алып, әлгілердің күнәсін кешіреді. Жыландар мен шаяндарды жіберуін тоқ­та­тады. Содан «Қазығұрт – киелі, әулие тау» ата­ныпты, – дейді тағы да сол көп аңыздың бірі. Қай халық болса да ежелден елді мекендер мен жер-су атауларының мағынасы мен мәніне, шығу тарихына аса зор мән берген. Бұл жө­нін­де, түрколог С.Сахабаттың пікірі мынадай: – Біз­дің ата-бабаларымыз атаулар мәселесінде көне тілдерге барып, қазақ жеріне ислам діні кел­генше, біздің халық тәңір­дің бар екенін мо­йындап, өздерінің дәстүрлік наным-сенім­дері­мен өмір сүрген. Оңтүстік топонимдерінде сақ, түркі элементтерінің мол­дығы соншалық, өзгені қоя тұрып, әуелі өзіміздің тісіміз батпай жүрген мәселелер баршылық. Эпосқа, тарихи аңыз­дарға, тіпті қазақы шежіреге мүл­дем қар­сы­лы­ғымыз жоқ. Қайта керісінше, кәдеге жара­та­мыз. Мә­селе ауыз­­екі шежіреге ойысып бара жат­қан ой­сыздықта. Қа­заққа мей­лінше етене, айты­луы бір бол­ға­ны­мен м­а­ғы­на­сын­да айыр­ма жетерлік, һәм «ғ» литургы түркі­мен, тү­рік, әзери оғыз­да­рын­да, араб-пар­сы, орыс фо­нетика­сын­да емге ұшы­­распаған­дық­тан, яки тү­сіп қала­ды, яки өңге литургке (г) айна­лып кетеді. Қа­зығұрт оро­нимі­нің «қа­зығ» буы­нына Көк түр­к­і нұсқа­сын­да ой қы­дыртып кө­релік. Келесі буын ұрт /юрт /йурт / жұрт – бізге аса таңсық емес. Қа­сиетті айлақ – Жер кіндігі (аxus mun­di) – Ғарыш бәйтерегі (aror mundi) – қазығ йурт – Қазығұрт. Қазығ йурт қа­зақы кө­мейге ауыс­қанда – Қазы­ғұрт! Қаз­туған жырау­дың алаң да алаң жұр­тын, елең де елең жұр­тын ескерсек, еште­ңе­сі де жоқ. Бойы­мызға да, ойы­­мыз­ға да шап-шақ, таза ұлттық па­йым­ға ие бо­ларымыз хақ. Көш­пелі­нің жағ­ра­пия­лық білімі аса жоғары. Осал­дығы хатқа түспеге­нінде, жолай киме­ле­ген­нің аузында кетіп өңі айныған мінезінде. Оның бірінде Қа­зығұрт Оғыз ханның алты ұлының бірінің ба­ласы ретінде, екіншісінде тау ретінде аталады. 1043 жылы Оғыз ұлысы ыдырап, кейбір тай­па­лары батысқа көшкен сәттен бастап, бұл өлкені «Қазығұрт халқы» деп атай бастаса керек. Біздің халқымыз Қазығұрт атауы арқылы рухтанады. Қазығұрт тауын – Нұх пайғам­бар­дың кемесі тоқтаған, адамзаттың алтын бесігі ретінде ардақ тұтады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР