2024-07-27 09:30:32
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы

Қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы

Кәрі құрлыққа қара шаңырағының қазығын қаққан қаймана қазақтың рухани астанасы болған Түркістанның туризм әлеуеті жайлы профессор, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел ой бөлісті.

– Түркістан қаласына әу баста  облыс орталығы мәртебесін беру туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– Бұл миллионнан аса халқы бар қала өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес әлбетте. Керісінше, одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім деп айтар едім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Біз бұл жаңалықты тек осы оймен, яғни тек сыртқы форма үшін жасалды деп ойламауымыз керек.

Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуы тиіс. Оған мүмкіндігі де, әлеуеті де әбден жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болды деп ойлаймын. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына қуаныштымыз, әрі қарай жан-жақты дами беретініне сенеміз. Сонымен қоса, Шымкенттің де бұрынғы биігі аласармай, бұрынғы бағасы кемімей, одан әрі дами түспек. Бұл өңірдің халқы еңбекқор, саудаға бейім, бәсекелестікке қабілетті екенін онсыз да білеміз. Облыс орталығы ауысты деп өкініп жатпағанына сенімдімін. Әрине, аздаған қиындықтар болуы мүмкін. Мәселен, Мақтаарал ауданынан Шымкентке дейінгі қашықтық бұрын 200 шақырым болса, енді жаңа облыс орталығы Түркістанмен арада 400 шақырым жол жатыр. Орталықтан қашықтай түскені сәл қиындық туғызғанымен, оған да біртіндеп бейімделіп кетеді деп санаймын.

—Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Осы бағыттар жөніндегі пікіріңізді білсек?

– Түркістан облысын қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы, берекесі ұйыған киелі мекені деп санаймын. Осы қастерлі де, қадірлі мекеннің даму даңғылы ретінде саналатын аталмыш бағыттарды өз кезегінде ұсынылған тамаша бастама дер едім. Енді, ол жердегі: «Түркістан — қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; Әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы;  Қожа Ахмет Ясауи — рухани тұлға сынды» төрт бағыттың айналасындағы атқарылар жұмыстар нәтижесін берсе, қаланың одан сайын қарыштап дами түсетіні уақыт күттірмейді.

– Түркістан облысын түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін алтын көпірге айналдыра аламыз ба?

– Меніңше, айналдыруға тиістіміз және оған әбден қауқарлымыз деп санаймын. Енді Орта Азия елдері мен Түркия мемлекеттерінің жалпы съездері, мәдени-рухани бас қосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағытта жұмыстар жандана түспек.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы.  Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді.  Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР