Ордабасы ауданында 2024 жылдың 6 ай ішінде 3 инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын бұл өнеркәсіп орталықтарында 533 жаңа жұмыс орны ашылған. Аудан эконономикасына айтарлықтай үлес қосуға қауқарлы жобалар қатарында «JNRAY Group» компаниясының тігін фабрикасы, «Borte Engineering» компаниясының тамақ өнеркәсібіне арналған өндірістік техникалық жабдықтар шығару фабрикасы мен «Бөрте милка» компаниясының сауын сиыр басын 400 басқа, сүт зауытының қуаттылығын тәулігіне 10 тоннаға ұлғайту жобалары бар.
Бадам елді мекенінде биыл сәуір айында ашылған «JNRAY Group» ЖШС-ң тігін фабрикасы тәулігіне 500 дана өнім алуға қауқарлы. Жалпы құны — 1 миллиард 300 миллион теңге. Бүгінде фабрика өнімдері облыс көлемінде ғана емес, республикаға да танылып үлгерген.
Ал, Ресей және Италия елдерімен бірлесіп қолға алынған «Borte Engineering» компаниясының тамақ өнеркәсібіне арналған өндірістік техникалық жабдықтар шығару фабрикасының өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортталуда. 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған нысанның жалпы құны — 1 млрд. 100 млн теңге.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың соңына дейін құны 6,9 млрд. теңгеге, 354 жаңа жұмыс орнымен 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олар: 1) «Central Asia Aluminum» компаниясы алюминий бұйымдарын өндіру жобасы; 2) «Dala Construction.kz» компаниясының қабырғаларға, еденге және төбеге арналған жылу оқшаулағыш материал (керамзит) өндіру жобасы; 3) «Anuar Company» компаниясының қыш зауыты; 4) «Батыр Бетон» компаниясының темір бетон бұйымдарын және асфальт шығару жобасы; 5) «AMG Park» компаниясының балаларға арналған ойын алаңшаларын жинау жобасы; 6)«KAZDEZGROUP» компаниясының заласыздандыру өнімдерін өндіру жобасы; 7) «Steel Frame» компаниясының металл өнімдерін өндіру жобасы.