2024-04-29 08:15:35
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Музейлер де сыр шертеді

Музейлер де сыр шертеді

Түркістан қаласында ары-бері өте қалсақ, қала музейлеріне бас сұғатын әдетіміз бар. Кіре қалсаң, ыстық күннен бе, бетіңнен салқын леп сүйіп алғандай болады. Ескіден келе жатқан ғимараттар былайша-ақ өзі жазда салқын болады ғой. Салқын леппен қоса, қызметкерлерінің жалпылдай қарсы алатын ықыласын айтсаңшы. Өздері бізді танып қалған, ескі танысындай қарсы алады. Мысалы, С.Ерубаев музейіндегі экскурсовод Ердос аға, Түркістан тарихы музейінде Гүлжаухар апай.

Мұның алдында жазғанымдай Түркістанның ХІХ ғасырдан жеткен сәулет ескерткіштері жөнінде сөз етіп едік. Сол постымызда ХІХ ғасыр кезеңіне жататын Казарма және орыс-түзем мектебіне кейінірек арнайы тоқталамыз деп едік. Міне, соның реті келді-ау.

«Түркістан тарихы музейі» Түркістанның екі ғасыр бұрынғы келбетін айшықтап тұрған Казарма ғимаратында орналасқан. Бұл нысан өз заманында Орыс патшалығы әскеріндегі кіші офицерлерінің баспанасы ретінде пайдаланылған. Музейге кіреберістен көзтаныс болып қалған Гүлжаухар апай қарсы алды. Жетелей жүріп, Түркістанның түрлі кезеңдерінен жеткен жәдігерлермен таныстырды. Металдан, тастан, кермикадан, сүйектен жасалған бұйымдар, қаланың ескі келбетін таныстыратын суреттер, кітаптар, теңгелер, төрге жайғасқан хан тағы, биіктігі адамның бойындай құмыралар, бәрі-бәрі өткен заманнан жеткен құнды мұралар.

Ал, Саттар Ерубаев музейі орналасқан ғимарат та Ресей патшалық заманынан жеткен сәулет ескерткіштері қатарына жатады. Кезінде орыс-түзем мектебі болған. Осы орыс-түзем мектебінде қазақтың зиялылары С.Қожанов пен С.Ерубаевтың өзі де білім алған. Еденге төселген кірпіштер сол күйі тұр. Экскурсовод Ердос ағаның айтуынша, С.Ерубаев отырған парта бүгінде құнды экспонат болып тұр. Парта орындығының артқы жақтауында латын қарпімен «Sattar E.» деп жазылған жазу бар. Оны Саттардың өзі жазды ма, әлде парталас достарының бірі жазды ма, ешкім білмейді. Осы музейде ерекше сұсты жасалған С.Қожановтың мүсіні тұр. Ол мүсінді кім жасағаны, қай кезде соққаны, Түркістанға қалай жеткені белгісіз дейді. Айтпақшы, күні кеше терезе жақтауындағы кірпішке С.Қожановтың ойылған қолтаңбасы бүгінге жеткені туралы жаңалықты Кайрат және Төребек бауырларым бөлісіп еді ғой. Тамаша кетіп еді, ә?

Түркістанға жолыңыз түсе қалса, Қ.А.Ясауи кесенесіне жақын орналасқан осы қос музейге де бұрыла кетіңіз. Аз ғана уақытыңызды алғанмен, құнды жәдігерлермен танысасыз. Музейлерге кіру ақысыз. Ақысыз болса да музей қызметкерлері бар ықыласымен таныстырып шығады. Өкінбейсіз.

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
ФОТО автордікі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР