2024-04-29 08:19:40
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Кесенедегі жазулар не мағына береді?

Кесенедегі жазулар не мағына береді?Түркістанның бойтұмары – Қ.А.Ясауи кесенесі. Оған талас жоқ. Осы Әзіреті Сұлтан сәулет ескерткіші болмаса, бүгінгі Түркістан келбеті де басқаша қалыптасар еді. Бұл ескерткіш жайлы дерек жеткілікті, соның бірін көшіріп, не сәл-пәл өзгертіп пост сала салу қиын емес. Сондықтан да, жұрт онша біле бермейтін тек бір қырын ғана айтқан жөн шығар деп шештік.

Кесене құрылысы толық аяқталмағанын ерінбегеннің бәрі айтып келеді. Сыртқы келбетін ашып тұрған көркемдік жапсырмалар жапсырылған тұстарында ескерткіш көркін арттырып тұрған өрнектерден бөлек, әр-түрлі мақсатта түсіндірілетін жазулар да бар. Осы көркем жазулар не мағына береді, мәлімет тым аз екен.

Жалпы, кесене бірнеше құрылымнан тұратынын білерсіз. Әмір Темір қазіргі кесене құрылысын салдырар алдында да Қ.А.Ясауи мазары үстінде кесене болған секілді. Ақсақ әмір сол құрылысты дамытып, қазіргі кейпіне келтірген сияқты көрінеді де тұрады. Оны қазіргі кесене тұрған жердің күнбатыс тұсына келгенде байқайсың. Ол жағы енді басқа тақырып. Осы тұста кесененің жоғарғы қапталында көне араб графикасымен жазылған өрнек секілді жазулар тұр. Сол жазуларда Құраннан Әнғам сүресінің 59-63 аяттары жазылыпты. Ол аяттарда Құдай-тағаланың барлық нәрсені білуші, кімнің қай уақытта ұйықтап, қашан оянатыны, қалай өлімнің жететіні секілді мағынағыдағы дүниелер айтылады екен. Шамасы, құрылысты жобалағанда кесененің Қ.А.Ясауи мүрдесі тұрған Қабірхана тұсына ерекше екпін беріп, өлім жайлы бір ескертіп өткісі келсе керек. Айтпақшы, өткен ғасырдың 80-ші жылдары Әзіреті Сұлтан қабірі ашылған сәтте әулиенің денесі ұйықтап жатқан тірі адамдай көрінген екен деп сәулетші Б.Тұяқбаеваға сілтеме жасайтын сөз бар емес пе? Анау төбедегі «ұйқы» туралы жазуды оқығанда сол сөз еріксіз ойыңа орала береді екен, ә?

Кесененің басқа капталдарында да жазулар бар. Сондай-ақ, Х таңбасына ұқсас өрнектің де өз мағынасы бар дейді мамандар. Кесене қабырғасындағы жазулардан өзге, портал жақтауы, күмбез барабаны, қақпа, тайқазан, лауқа дейтін жәдігерлерде де сырын бүккен жазулар тұр.

Айтпақшы, менің жұмыс кабинетімде кесене сыртын көркемдейтін жапсырмалардың бір түр үлгісі бар. Соған қарап отырғанда келген ойлар еді ғой бұл.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
ФОТО автордікі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР