2024-07-27 14:00:58
36.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Асубұлақтан жаңа петроглифтер табылды

Асубұлақтан жаңа петроглифтер табылдыБылтыр Асубұлақта петроглифтер шоғыры бар дегенді естіген соң көзбен көруге асығып едік. Бірақ, еш сәті түспей, кері қайтқанымызбен, басқа тас ескерткіш – балбалтасқа жолыққанбыз. Өткендегі Арпаөзен петроглифтері жайында жазған постымызға майбұлақтық Мырзанәлі аға пікірбілдіріп, Асубұлаққа жол бастап баратын кісі тауып қойғанын, арнайылап келе қалыңдар деп шақырған еді. Қуанып кеттік.

Аттың басын Бәйдібек ауданындағы Майбұлақ ауылына қарай бұрдық. Мырзан аға бізді күтіп алып, Қаратаудың Шаян өзені бастау алатын шатқалына қарай жол бастады. Тоғанас қорғаны, Қарасай қойнауы, «Лагерьбұлақ», Ирек шоқы, Изендісай, Айдаһаржал жартасы, Аймерек шатқалы деп жолай таныстырып отырды.

Жолай Аймерек шатқалының тұсында Уәли ағаның үйінен түстеніп, жол талғамайтын «Нива» көлігіне ауысып міндік. Жол бастаушы Мұқтар ағаны да мінгестіріп алдық. Мұқтар аға деген кісі осы маңда орманшы екен. Қаратаудың тағы бір қойнауына жол бастап, биікке өрлей түстік. Тау жолын баяғы Кеңес заманында геологтар салған екен. Қойнаудан асуға тік көтерілетін тұсында көлікке көбірек күш түсті. Суы көтеріліп, тура асу үстінде салқындатып алу қажет болды. Асудың үстіндегі, солтүстік беткейдегі қырқада қатарласа жатқан қаратастар бар екен. Петроглиф бір болса, соң маңда болады.

Мұқтар және Мырзан ағалар бастап, біз ізінен ілесе сол маңға асықтық. Қаратаудың жалпақ кесек тастарын жергілікті жұрт құрылысқа теріп, жүк көлігімен артып әкеткен секілді. Әр-әр жерде тастардың алынған орындары үңірейіп тұр. Бізге көрсетпек болған петроглифтер қашалған тастардың біразын адамдар әкетіп қапты. Былтыр қара күзде осы арада тұрса, биыл сол жерде жоқ. Орманшы Мұқаң солай дейді. Қап, әттеген-ай, ә!

Осымен тағы құры қол қайтамыз ба деп тұрғанда Мырзан аға жүз шақты қадам жоғарырақ тұрған жартастан тасқа қашалған суреттердің ізін байқады. Рас, біз іздеген петроглифтердің бір қалдығы осы таста сақталып қапты. Оған да шүкір. Тасқа бәдізделген сурет – арқардың суреті екен. Бұрын-соңды бұл маңда петроглиф бар екені туралы дерек еш жерде кезікпеген. Бейнелеу тәсілі мен салыну техникасына қарағанда, бұл петроглифтерді өте ерте кезеңге, қола дәуірі кезеңіне жатқызуға болатын сияқты. Орналасқан жеріне қарай «Асубұлақ петроглифтері» деп өзімізше шартты түрде атау бердік.

Осылайша, Асубұлақтан олжалы оралдық. Алда тағы бір 3-4 күндік сапар ұйымдастырып, зерттеуді қолға алсақ дейміз.

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Өлкетанушы
Фото автордікі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР