ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Microsoft компаниясы Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы елді мекен балаларына білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бірлескен жобаны іске асыруда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Ол біріктірілген сыныптардың проблемаларын шешу, ауыл мектептері мен шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын арттыруға септігін тигізеді.
«Жобаны іске асыру ауыл мектептерінің білім алушыларына педагогтің қашықтығы мен біліктілігіне қарамастан пән мұғаліміне қол жеткізуге, басқа ауыл мектептерінің сыныптастарымен онлайн оқуға және оқудағы өз мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 25 мектептің 107 мұғалімі Microsoft өнімдерін пайдалану бойынша біліктілікті арттырудан өтті», – деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның президенті Мадина Тыныбаева.
Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Microsoft компаниясы арасында білім беруді цифрландыру саласында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылуда. Шалғайдағы мектептерде сапалы білім беру – министрлік алға қойған басым бағыттардың бірі.