Түркістан облысында энергетикалық әлеуетті арттыру, өнеркәсіп өндірісін дамыту және импортты алмастыратын өнімдер шығаруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Сайрам ауданындағы қуаты 1113,4 МВт «Түркістан» бу-газ қондырғысы мен Түлкібас ауданындағы «Састөбе» инновациялық кешені бар. Аталған жобалар өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ірі энергетикалық және өндірістік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай елде электр энергиясын артығымен өндіретін деңгейге жету стратегиялық міндет ретінде белгіленген. Осыған байланысты еліміздің энергетикалық дербестігін нығайту және жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
Сайрам ауданындағы қуаты 1113,4 МВт болатын «Түркістан» бу-газ қондырғысының құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Ауқымды жоба оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын азайтуға, тұтынушыларды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге және жаңа генерациялық қуаттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жалпы 2 455 адам еңбек етуде. Оның 2 281-і күндізгі, 174-і түнгі ауысымда жұмыс істейді. Негізгі технологиялық жабдықтар, соның ішінде газ және бу турбиналары мен кәдеге жаратушы қазандықтар толық жеткізілген. Siemens компаниясының төрт газ турбиналық қондырғысы монтаждалып, іргетасына орнатылған.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалу деңгейі 62 пайызға жетсе, электр желілерін тарту жұмыстары 96 пайызға орындалған. Газ құбырының құрылысы аяқталған. Жоба аясында жеті ұңғыма қарастырылған. Қазіргі таңда екі ұңғымадан тәулігіне 960 текше метр су өндірілуде. Ал стансаның алғашқы қуатын іске қосу үшін тәулігіне 240 текше метр су қажет. Сонымен қатар нысанға апаратын ұзындығы 3,1 шақырым кірме автожол пайдалануға берілген.
Нұрлыбек Нәлібаев энергетикалық нысанның стратегиялық маңызын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, жыл соңында бірінші қондырғыны іске қосып, сынақтан өткізу жоспарланған. 2027 жылдың мамырында электр желілеріне 382 МВт, тамыз айында тағы 382 МВт қуат беру көзделіп отыр. Осылайша, қыркүйек айында жалпы 764 МВт электр энергиясын өндіру межеленген.
Сонымен қатар жобаның толық қуатына шығу мерзімін жеделдету қажеттігі айтылды. Қазіргі жоспар бойынша 2028 жылдың наурыз-мамыр айларында толық іске қосу көзделсе, бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды. Станса толық қуатында жұмыс істеген кезде Түркістан облысымен қатар Шымкент қаласы мен Жамбыл облысын да электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Жұмыс сапары барысында келесі нысан ретінде Түлкібас ауданындағы «Састөбе» инновациялық кешенінің жұмысы қаралды. Бұл – өңірдің химия өнеркәсібін дамытуға және импортты алмастыратын өнімдер өндірісін жолға қоюға бағытталған ірі инвестициялық жоба.
Кешен толық қуатында жұмыс істегенде жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 миллион тонна цемент өндіру жоспарланған. Өткен жылы кешеннің әк өндіру желісі пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта өндірілген өнім отандық металлургия кәсіпорындары мен құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға жеткізілуде.
Инвестициялық жобаның келесі кезеңдерін іске қосу мерзімі қаржыландыру мәселелеріне байланысты қайта жоспарланған. Осыған орай жауапты мемлекеттік органдарға қаржы көздерін қарастыру, инженерлік инфрақұрылым құрылысын аяқтау және жобаның келесі кезеңдерін белгіленген мерзімде жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жалпы, «Түркістан» бу-газ қондырғысы мен «Састөбе» инновациялық кешені өңірдің экономикалық дамуында маңызды орын алады. Бірі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және электр энергиясы тапшылығын азайтуға бағытталса, екіншісі отандық өндірісті дамытуға, импортты алмастыруға және өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобалардың уақытылы іске асырылуы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының әртараптануына ықпал етеді.
