2024-03-29 06:15:39
5.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: төтенше жағдай мамандары көпқабатты тұрғын үйлерде балаларға абай болуға шақырды

Шымкент: төтенше жағдай мамандары көпқабатты тұрғын үйлерде балаларға абай болуға шақырды
Шымкентте жыл басынан бері көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлауы бойынша 6 жағдай тіркелген. Бұл жағдай өткен жылмен салыстырғанда 3 есе өскен. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді. Жиында бұдан бөлек, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары да айтылды.
Брифингте Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әбіл Оразов және басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау майоры Азамат Бұлдырықов төтенше жағдайлар бойынша атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстарды баяндады.
–Өткен жылу беру маусымында тұрғын үйлерде 61 өрт тіркеліп, салдарынан 2 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алды. Ал, тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалануда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу нәтижесінде табиғи газдан уланудың 5 оқиғасы тіркелген. Газдан уланудың негізгі себептері: газ құрылғыларын монтаждауда кеткен қателіктің әсері және гофралардың дұрыс орнатылмауы. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қала аумағындағы шағынаудандарда жалпы саны 308 210 адамды қамтитын 73 068 үйге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынама таратылды, — деді Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әбіл Оразов.
Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауы. Жыл басынан бері Шымкент аумағында балалардың құлауы бойынша 6 жағдай тіркелген. «Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге өсіп отыр. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында департамент қызметкерлерінің атсалысуымен терезе ашуды шектейтін 67 құрылғы орнатылды, — деді Азамат Бұлдырықов.
Департамент өкілдері құрылыс басқармасына жаңа көп қабатты тұрғын үйлерді жобалау және салу кезеңінде терезелерді ашуды шектейтін құрылғылар орнатуды қарастыру бойынша ұсыныс беріп жатқанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР