2024-04-19 05:16:48
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкент: Инновациялық жобалар байқауының қорытындысы шықты

Шымкент: Инновациялық жобалар байқауының қорытындысы шықты
Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармасының бизнесті мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы Үсен Исаев мәлім етті.
– Шымкентте «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі гранттар беру бойынша жобалар байқауы өтті. Аталған конкурсқа құжаттар 5–19 сәуір аралығында «Заңғар» бизнес орталығында қабылданды. Ал жалпы 212 жобаның 38-і құжаттар тізіміне сәйкес тексеріліп, 5 жұмыс күні ішінде қайта түзетуге немесе толықтыруға кері қайтарылды. Осы орайда 9 кәсіпкер құжатын толықтырып, қайта тапсырды. Бұл ретте 29-30 сәуір және 4 мамыр аралығында конкурстық комиссияның қарауымен 183 кәсіпкер өз жобасын қорғап шықты. Нәтижесінде, 4 кәсіпкердің жобасы комиссияның оң бағасын алды, – деді Үсен Жақсылықұлы.
Спикердің сөзінше, аталған конкурс барысында грантқа ие болған 4 кәсіпкердің жобасы:
– Үй жағдайындағы стационар ашу (көп балалы ана);
– Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерін жаппай аулауға арналған желім тұзақтарын өндіру;
– Қорғалған жерде қияр, бұрыш және баклажан зиянкестеріне қарсы «Amblyseius swirskii» және «Amblyseius californicus» жыртқыш кенелерін өсіру, сату;
– Кәсіпорынды өнеркәсіптік автоматтандыру үшін «Дойыр» контроллерлерінің құрастыру желісін іске қосу. Бұлардың әрқайсысына 5 млн теңгеден қарастырылған. Ескеретін жайт, грантқа қол жеткізген кәсіпкерлерге мониторинг жүргізіледі. Егер қаржыны мақсатсыз пайдаланса, бюджетке қайтарылады.
Баспасөз мәжілісінде комиссия төрайымы Айжан Наимбекова өтінімдерді қарау кезіндегі критерилерге тоқталды.
– Аталған жоба аясындағы байқауда қатысушының бизнес-идеяларының жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі мен қолданысқа енгізуге дайындығы бойынша сараладық. Бір байқағаным – үміткерлердің 80 пайызының бизнес жоспары мардымсыз. Бір-бірін қайталау немесе даму сатысы жоқ. Бұл кемшіліктер байқаудың ІІ кезеңінде қайталанбаса деймін. Яғни, қатысушылар өз бизнесінің жаңашылдығы мен бәсекеге қабілеттілігін мұқият саралауы керек, – деді Айжан Ізбасханқызы.
Брифинг барысында «Бағбандар қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Мақсат Серікұлы байқаудың маңыздылығын жан-жақты түсіндірді.
Еске салсақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инновациялық жобалар байқауының екінші кезеңі осы жылдың шілде айында өтеді.
Айта кетейік, бағдарлама ережесіне сәйкес грант иелерінің кемінде 20 пайызы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобынан болуы тиіс. Ал олардан инновация талап етілмейді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР