2021-10-26 15:15:26
19.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Өрт сөндірумен өткен 18 жыл

Өрт сөндірумен өткен 18 жыл 1

Өрт сөндіру саласында қызмет ететін Қанат Рсымбетов — өз ісінің білгірі. Бала жасында өрт сөндіру көлігіне қызыққан Қанаттың бұл салаға келгеніне де табаны күректей 18 жыл өтіпті.

2003 жылдың сары күзінде еңбек жолын Шымкент қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінде бастаған Қанат Зиятұлы қазір осы бөлімде бөлімше командирі қызметін атқаруда. 18 жыл ішінде өмір мектебінен алған тәжірибесін жас буынға үйретуден жалыққан емес.

Таңғы сағат 08:30 Қанат Рсымбетов үшін жұмыс күнінің басталуы. Бірінші кезекте бастықтың тексеруінен өтіп, қызметке дайын екендіктерін мәлімдейді. Өйткені жауапты мамандардың өз ісіне мығым екендігіне еш күмән болмаса да, ережеге сәйкес белгіленген міндетті атқаруда босаңсуға жол берілмейді.

— Мен өз жұмысымды мақтан етемін. Себебі менің жауапкершілігім мен жылдамдығым бір өмірдің үзілмеуіне үлес қосады. Сондықтан өз міндетімді мүлтіксіз атқаруға тырысамын, өзгеге де бар білгенімді үйреткім келеді, — дейді білікті маман.

Қанат Рсымбетов бөлімде өткізілетін спорттық жарыстарда да алғы шепте жүреді. Бөлімде жеке құрамның психологиялық дайындығына да аса мән беріледі. Әрине бұл үшін күнделікті жұмыста кесте бойынша арнайы уақыт бөлінеді. Түрлі сабақтар, арнайы маманның ұйымдастыруымен тренингтер өткізіледі. Рсымбетов бұл сабақтардың белсенді қатысушысы.

Қанат Зиятұлы бар ғұмырын өрт сөндіруге арнап келеді. Омырауында арнайы ерлік үшін төс белгісі болмаса да әр күні ерлікпен пара-пар, қарапайым, алайда ұжымда беделді, білікті маман. Кіші ұлы да әке жолын қуып, өрт сөндіруші боламын деп шешім қабылдады.

Міне, талай өмірді ажалдан арашалап қалған, өз саласында үздіктердің бірі — азаматтық қорғау старшинасы Қанат Рсымбетовтың қызмет жолы осындай.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР