2026-01-20 15:30:15
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ПРЕЗИДЕНТ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСУІ МЕН МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫН АТАП ӨТТІ

Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр. Жиында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі және мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттар туралы сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қазақстанның өткен жылды табысты аяқтағанын атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы ІЖӨ Тәуелсіздік тарихында алғаш рет 15 мың долларға жетіп, Орталық Азия бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелген. Сондай-ақ Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайып, алтын-валюта қоры 65 миллиард доллардан асқан.

Президент шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындағанын, халық саны 20,5 миллионға жеткенін, ал орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа дейін артқанын айтты. Ең басты жетістік ретінде қоғамдағы өзгерістер мен реформалардың тұрақты сипат алғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ел өміріндегі маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда құрылтай мүшелерінің бастамасымен 26 заң қабылданған. Бұл реформалардың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастика саласын реттеу және еңбек адамдарының мәртебесін арттыру бағытында маңызды қадамдар жасалған.

Сонымен қатар Президент өткен жылы елдің ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен құндылықтары бекітілгенін айтып, бұл құжатты алдағы уақытта басты басымдық ретінде іске асыру қажеттігін атап өтті.

Жиында Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, қоғам санасы жаңғырмайынша реформалар толық нәтиже бермейді. Осыған байланысты алдағы жылдары мәдениет саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Алматы, Абай, Ақтөбе облыстарында жаңа театрлар салу, Шымкентте опера және балет театрының құрылысын бастау жоспарланған.

Президент Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай ғимараттың күрделі жөндеуден өтетінін, сондай-ақ Наталья Сац атындағы театрдың жаңғыртылатынын айтты. Алдағы екі жылда ел бойынша 100-ден астам мәдениет нысаны жөнделмек.

Қызылордадағы жаңа тарихи-өлкетану музейінің жұмысын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы бұл тәжірибені басқа өңірлерге үлгі етуге болатынын атап өтті. Сонымен бірге Қызылордада жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салу жоспарланғанын жеткізді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың ел дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті. Президент қазіргі қазақ өнері мен киносының халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отырғанын айтып, жас ұрпақтың ұлттық бірегейлікті әлемге танытуы зор мақтаныш екенін жеткізді. Мемлекет басшысы жастарға жан-жақты қолдау көрсету алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР