
Шымкент университетіндегі тағылымды жиындағы пікірлер осы ойға сайды. Білім ордасындағы жиынға ел болашағына бейжай қарамайтындар жиналыпты. Күн тәртібіндегі мәселе – Қазақстанның Жаңа Конституциясын түсіндіру, оның мазмұны мен маңызын саралау. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, ой бөлісті. Жиынды университет ректоры Нұрлыбек Сейтқұлов жүргізіп отырды.
Қазақ «Ата Заң – елдің айнасы» дейді. Расында да Конституция – мемлекеттің ғана емес, халықтың да болмысын айқындайтын темірқазығы. Сондықтан да бұл жолғы түсіндіру жиынында құқықтық құжат жайлы ғана емес, ұлттың ертеңіне қатысты ойтолғаулар ортаға салынды.
Мысалы, Жаңа Конституциядағы ерекшеліктерге тоқталған университеттің аға оқытушысы, құқықтанушы Ермек Төленұлы Бекбосынов 3-бапқа айрықша мән берді. Оның айтуынша, адами капиталды дамыту – тек білім саласының емес, тұтас қоғамның міндеті.
– Адами капитал дегеніміз – адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасуы. Жақсы маман болу аз, жақсы адам болу одан да маңызды. Ғалым болып жүріп залым болуға болмайды, – деді ол.
Астарында үлкен мән бар бұл ой жиынға келгендердің көкейінен шыққандай. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту, рухани сапаны арттыру – бейімделу кезеңіндегі қоғам үшін аса қажет мәселе адамгершілік, адами қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды сақтап қалу. Конституция тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, ол – рухани бағдар.
Ермек Төленұлы өз сөзінде Жаңа Ата Заңның 8-бабында егемендік пен тәуелсіздікті қорғауға басымдық берілуі – уақыт талабынан туған шешім екенін де айта келе, «қазақ «Егемен елдің еңсесі биік» дейді. Сондықтан мемлекеттің тұтастығы мен дербестігін сақтау – әрбір азаматтың парызы» деді.
Ал осы университеттің оқытушысы, тарихшы-ғалым Мұхан Орынбаев алдағы 15 наурызда өтетін референдумға біркісідей қатысуды айта келіп, Конституциялық реформаның жаңашылдығына тоқталды.
– Жаңа Конституцияның мазмұны өте ұғынықты, түсінікті. Басты өзгерістердің бірі бір палаталы ұлттық Құрылтай институты енгізілуде. Бұл – тарихымыздағы дала заңдарымыздың жаңғырығы іспетті. Мемлекеттік басқару жүйесіне вице-президент лауазымы енгізіліп, оған құқықтық мәртебе беріліп отыр. Денсаулық, ғылым, білім саласына басымдық берілген. Цифрландыру бағытында портал арқылы емдеу, әлеуметтік әмиян жобалары қарастырылған, – деді ол.
Заман көшінен қалмау үшін заң да жаңарып отыруы заңдылық. Бүгінде әлемнің экономикасы дамыған, алпауыт елдерінің өзі Конституциясына талай өзгерістер мен толықтырулар енгізгені белгілі болуда.
Жаңа Ата Заңда адам құқығының қорғалуы айқын көрсетілген. Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі Нариман Базарбаевтың айтуынша, «Миранда ережесі» адам құқығының қорғалуына толықтай кепілдік беретін бап. Яғни, қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған сәттен бастап азаматтарға құқықтары түсіндіріледі. «Жауапкершілікке тартылған адам қорғаушысыз жауап бермеуге құқығы бар. Әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік жағдайында міндетті түрде қорғаушы ұсынылады. Жалған айып тағуға жол берілмейді. Азаматтың ар-намысы мен абыройы – заңмен қорғалады» деді ол.
Жиында университеттің студенттері Ж. Әбілдайхан, А.Нұрпапақызы да мінберге шығып өз ойларын ортаға салды.
– Қолданыстағы Конституциядағы «Бостандық» сөзі Жаңа Ата заңда алынып тасталды» деп алаңдайтындар бар. Бірақ керісінше, әр азаматтың құқығын қорғауға кепілдік күшейтілген, – дейді студент-жастар.
Жиналған қауымға Жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те осы мәселелерге тоқталды.
– Егер Конституцияға 50 пайыздан астам өзгеріс енгізілсе, ол жаңа Конституция болып саналады. Ал біздің Жаңа Конституциямызға 84 пайыз өзгеріс еніп отыр. Бұл қоғамды дамыту үшін, жаңару үшін қажет.
Жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – Ұлттық Құрылтай құрамында депутаттық орындардың 30 пайызы әйелдер мен жастарға берілуі. Бұл – қоғамның барлық қабатының үнін естуге бағытталған қадам.
Жаңа Конституцияда орта білім мен медициналық көмек ақысыз көрсетілетіні нақтыланған. Орта білім – баршаға қолжетімді. Солай жалғаса береді. Қазақстандықтардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына Жаңа Конституцияда барлық жағдай айқындалып жазылған. Елдің іші –даудан, сырты жаудан аман болуы – бірлік пен ынтымақтың арқасы. Біз – біртұтас Қазақстан халқымыз. Дәстүрі мен мәдениеті бай ел екеніміз Ата Заңда айқын көрініс тапқан. Жаңа редакцияда неке – ер мен әйелдің тең және ерікті одағы ретінде көрсетілген. Қос азаматтыққа жол берілмейді. Бұл – ұлттық мүдде мен мемлекеттің тұтастығын қорғауға бағытталған норма.
Бұрынғы Конституцияны 12 адам жазып, оның үшеуі шетелдік маман болғаны белгілі. Ал қазіргі жоба бүкіл халықтың ұсыныстары негізінде әзірленген. 10 мыңдаған ұсыныс сараланып, қазақ тілінде, түсінікті, ұғынықты етіп жазылған, – деді ол.
Орайы келгенде университет ректоры Нұрлыбек Ақынұлы студенттердің Түркия, Польша, Әзірбайжан елдерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алып жатқанын атап өтті.
–Бұл – тәуелсіздіктің жемісі. Егемен елдің жастары әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік иеленіп отыр. деген Сәрсен Абайұлы жастардың талабын құптау, қолдау жолында мемлекеттік бағдарламалардың беріп отырған жемісі,- деді Сәрсен Абайұлы.
Түсіндіру жиынына жиналғандар «Жаңа Конституция – идеологиялық құжат» деген пікірмен келісті.
Қазақ «Тәртіп бар жерде – береке бар» дейді. Жаңа Конституция осы қағидатты айқын ұстанған. Заң үстемдігі, адам құқығы, ұлттық құндылық, ғылым мен білімге басымдық – мұның бәрі елдің ертеңіне бағытталған.
Жаңа Ата Заң – жай ғана құқықтық құжат емес. Ол – тәуелсіздіктің тұғыры, бірліктің байрағы, ұлттың рухани жаңғыруының айғағы. Елдің ертеңі – заңның беріктігінде. Заңның беріктігі – халықтың бірлігінде екені анық.
