Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып білу, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, денінің саулығын арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру ұйымдарының жазғы сауықтыру ауысымдары ашылады.
Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Ол мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасау және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең.
Осыған орай, бүгіннен бастап 800-ге жуық шәкірті қала сыртындағы сауықтыру орындарына 10 күн бойы демалатын болады.
Атап айтсақ, «Ақсу» сауықтыру орталығына – 150, «Арман» демалыс орнына – 200, «Ерке» орталығына – 188, «Үшбұлақ» демалыс орнына — 200 оқушы демалысқа жүріп кетті.
Жалпы биыл 8 мыңға жуық оқушы қала сыртындағы лагерлерде демалатын болады. Ең алдымен атаулы әлеуметтік көмек алатын, тұрмысы төмен отбасы балалары жіберіледі. Одан бөлек 22 мыңнан аса оқушының жазғы демалысы ата-аналар есебінен ұйымдастырылады.
Айта кетейік, жазғы демалыспен қамтылуы тиіс ата-аналардан өтініштер биыл E.gov порталы арқылы онлайн түрде қабылданды.