Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген болатын. Шын мәнінде, халқымыздың төл тарихы тереңге тамыр тартады.
Оның ішінде, әрине, Ордабасы төбесінің ел тарихында алар орны ерекше. «Ордабасыға оралу, Ордабасыны ойлану, Ордабасымен тыныстау, Ордабасымен рухтану – бар-баршамыздың перзенттiк парызымыз» дейді белгілі жазушы-журналист Мархабат аға Байғұт. Тарихтан мәлім, Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған.
Бұл ретте Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңына қойылған «Жер-ана» монументі 2009 жылы бой көтерген. Биіктігі тұғырымен қосқанда 25 метр. Онда Қазыбек би, Әйтеке би және Төле бидің дана сөздері мен Елбасының тілегі жазылған.
Жалпы, бұл алаңның һәм қанатты сөздердің ерекше мәні бар. Себебі, атақты үш биіміздің көшелері осы Ордабасы алаңында түйіседі. Сондықтан да Ордабасы алаңының тарихи мән-маңызы құнды әрі орны айрықша.
Айта кетерлігі, монумент 2018 жылы жаңартылды. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталды. Монументте қашалып жазылған Мемлекет басшысының сөзі латын тілінде қайта жазылды. Бүгінгі таңда ескерткіштің аумағы абаттандырылып тұрады.