Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Қазығұрт» елдімекенінде (бұрынғы Карл Маркс бөлігінде) жаңа Мәдениет үйі бой көтереді. Жалпы аумағы — 0.15 га жерді қамтитын құрылыс нысанының аумағында бүгінде қызу жұмыс жүргізілуде.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай құрылысы жоспарланып отырған Мәдениет үйін жергілікті түрік-әзірбайжан ұлтының өкілдері жеке қаражаттарына салуда. Ұлты түрік Нәсіп Асланұлы есімді кәсіпкер осы елдімекендегі қатарластарымен бірге ғимаратқа кететін шығынды толығымен өз мойнына алып отыр.
Айта кетерлігі, мәдениет ошағының қазығы қағылғанын көрген басқа да ұлт өкілдері бұл бастамаға қызығушылық танытуда. Өзбек мәдени орталығының жетекшісі Икрамжан Акрамұлы да Шымкенттің Қызылжар елдімекеніне өзбек этносының атынан халыққа арнап мәдениет үйін салып беруге уәде беріп отыр.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда қалада 1 миллионнан астам тұрғын бар болса, оның 67,4 пайызын – қазақтар, 17,6 пайызын – өзбектер, 8,9 пайызын – орыстар және 6,1 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Сондай-ақ, 17 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде.