Шымкент қаласы мегаполис атанған соңғы 4 жылда барлық қаржы көздері есебінен 579 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Қала бойынша биылғы орындалатын құрылыс жұмыстарының көлемі 162,1 млрд теңгеге тең келіп отыр. 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 30,3 млрд теңгеге құрылыс атқарылған. Бұл өткен жылға қарағанда 103,4 пайызға артық. Бүгінгі таңда қаламыздағы Тұран, Бозарық, Шымкент сити шағын аудандарында және әкімшілік-іскерлік орталығында көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
«Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы – бұл мемлекеттік орган мен бизнес арасын жалғап жатқан «алтын көпір». Ұйым қызметінің басты мақсаты – бизнес бастамаларды қолдап, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары бойынша Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.
Айталық, ӘКК Shymkent Invest департаменті арқылы инвестиция тартып, жобаларға жетекшілік жасайды. Осы күнге дейін департамент жеке кәсіпкерлердің қатысуымен бірге жалпы инвестиция сомасы 66,4 млрд. теңгені құрайтын 17 меморандумға қол қойды.
Бүгінгі таңда ұйым алдында жалпы көлемі 200 млрд.теңге болатын инвестициялық жобалардың «1-инвест» статистикалық есептілігін тапсыру міндеті тұр. 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жоғарыда көрсетілген индикатор 62,1 млрд. теңгеге орындалған.
Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған 3 индустриялық аймақ бар. Олар «Оңтүстік», «Тассай» және сауда – логистикалық аймағы. Сондай – ақ жаңадан «Жұлдыз» ИА мен «Бозарық» агроиндустриялды аймағы іске қосылып жатыр. Бұлардың барлығы да ӘКК бақылауындағы кәсіпкерлік алаңдары.
Мәселен 2010 жылы ашылған «Оңтүстік» индустриялды аймағының инфрақұрылымын жүргізуге 6,9 млрд теңге жұмсалды. Осы күнге дейін жалпы құны 62,9 млрд теңге болатын 75 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 512 жұмыс орны құрылды. Биыл 23,9 млрд.теңгенің 5 инвестициялық жобасы қолға алынып жатыр. Нәтижесінде екі жүзден астам жаңа жұмыс орындары пайда болады. Бүгінде «Оңтүстік» ИА аумағы жүз пайызға толды. Осы кезге шейін индустриялды аймақтағы кәсіпорындар тарапынан мемлекеттік қазынаға 25.2 млрд теңге салық төленді.