Шымкент қаласы білім басқармасының «Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының оқушысы Айбын Жұмабеков халықаралық XVI «JULDYZAI» фестивалінде бірінші орынға ие болды. Би тобының жетекшісі Тамара Шильдерханова арнайы дипломмен марапатталды, деп хабарлайды Citynews.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл пандемияға байланысты балалар шығармашылығының кезекті халықаралық фестиваль-байқауының екі кезеңі де онлайн форматта өтті. Аймақты іріктеу кезеңдеріне 3000-нан астам қатысушыдан өтінім қабылданды. Ал халықаралық кезеңге 129 өтінім келіп, 379 бала қатысты. Соның ішінде 49-ы Ресей, Грузия және Өзбекстан шетелдік қатысушылар болды. Фестивальдің қорытындысы бойынша шымкенттік шәкірт өзге қатысушыларды басып озып, топ жарды.
Айта кетейік, Қазақстан мен шетелдің «ерекше» балалары қатысатын «Жұлдызай» балалар өнерінің бірегей Фестиваль-байқауы 16 жылдан бері өткізіп келеді. Фестиваль маңызды инклюзивті жоба болып табылады және еліміздің қоғамдық өмірінде ерекше орын алады. Талантты бүлдіршіндердің танылуына әрі шығармашылық жетістікке жетуіне септігі мол байқаудың жастарға берері мол.