Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрайымы, ректор Г.Сүгірбаеваның қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде спикер университеттің 2020-2021 оқу жылының рейтингісіне тоқталды.
– Биылғы оқу жылында ОҚМПУ НААР рейтингісінде 9-орынды, ал педагогикалық ЖОО-ның арасында 3-орынды иеленді. Сонымен қатар, 2020 жылдың сәуір айында 23 білім беру бағдарламасы бойынша Білім сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз агенттігінен (IQAA) институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден 5 жыл мерзімге сәтті өтті. Білім мен ғылымның дамуы білім беру қызметінің сапасымен тығыз байланысты. Жоғары оқу орындары үшін «білім-ғылым-инновация» үштігі үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Қазіргі таңда оқу орнында гранттық қаржыландыру негізінде 5 жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Біздің басты мақсатымыз – сапалы педагогтар дайындау, – деді Гүлжан Дәулетбекқызы.
Спикердің сөзінше, соңғы 3 жыл мерзімде оқу ақысы өзгермеген. Ғылыми кеңестің шешімімен пандемия кезінде оқу ақысын тұрақтап қалуға шешім қабылданып, университет қызметкерінің 2 баласы оқыған жағдайда және 6 баладан көп отбасыға 30 пайыз жеңілдік (23 бала білім алады) болса, тұл жетімдерге тегін білім алуға мүмкіндіктер жасалған. Сондай-ақ, университеттегі білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету жыл сайын қарастырылады.
Айта кетейік, оқу орнындағы білім алушылардың контингенті – 4 370, оның ішінде бакалавриаттың 32 (3 977 студент), магистратураның 20 (342 магистрант), докторантураның 10 білім беру бағдарламасы бойынша және тілдік дайындық курстары (21 тыңдаушы) жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, пандемия кезінде университет түлектерді жұмысқа орналастырудың жаңа форматына көшкен. Барлық бітіруші «Мансап» мобильді қосымшасына тіркелген. «HR-Process» білім беру саласындағы кадрларды таңдауға арналған автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі енгізілген. Яғни 2021 жылғы түлектер осы платформада толық тіркеліп, бос жұмыс орындары туралы барлық қажетті ақпаратты алады және жұмыс берушілермен тікелей байланысқа түсуге мүмкіндік туады. Бұл ретте жұмыс берушілердің сұранысын ескере отырып, осы жылғы бітірушілерді жұмыспен қамту мақсатында комиссия құрылған.
Еске салсақ, университет тарихына 85 жыл толмақ. Осыған орай 2022 жылы атаулы мерекені ауқымды деңгейде өткізу жоспарланып отыр.