2026-01-26 16:12:11
11.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ 2025 ЖЫЛҒЫ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ

2025 жылы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария саласы тұрақты даму бағытын сақтап, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Қала аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Ағымдағы жылы 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жалпы 82 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде 7,0 мың гектарға дәнді дақылдар, 3,3 мың гектарға майлы дақылдар, 1,8 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдары және 10,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді. Бұл көрсеткіштер егін шаруашылығында өндіріс көлемінің тұрақты артқанын көрсетеді.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қалада ірі қара мал саны 96,3 мың басты, уақ мал 97,9 мың басты, жылқы 21,2 мың басты, ал құс саны 1 207,1 мың басты құрады. Есепті кезеңде 6,6 мың тонна ет, 64,8 мың тонна сүт және 219,3 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, қала тұрғындарын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейі артты.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 12 инвестициялық жоба аясында 43,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 170 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған жобалар қатарында көкөніс қоймасы, құс фабрикасы, алты сүт өңдеу кәсіпорны, бір сүт фермасы, жеміс-көкөніс өңдеуді кеңейту жобалары және «Alsera KZ» жылыжай кешені бар. Бүгінде «Alsera KZ» компаниясы 40 гектар жылыжай кешенінің құрылыс жұмысы аяқталып алғашқы өнім жиналуда.

Сонымен қатар, Мәртөбе тұрғын алабында Польшаның «Fabe-Agro» компаниясының қатысуымен құны 137 млн АҚШ долларын құрайтын ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Жалпы аумағы 144 гектарды қамтитын бұл агрожоба толық іске қосылған кезде жылына 36 мың тоннаға дейін көкөніс өнімін өндіру жоспарланып отыр. Жоба аясында шамамен 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда нысанды қажетті инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Қала аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау мақсатында ветеринариялық іс-шаралар толық көлемде орындалды. Атап айтқанда, 10 түрлі жұқпалы ауруға қарсы 1 211 700 вакцинация жүргізіліп, 6 түрлі ауру бойынша 227 793 бас малдан қан алынып, диагностикалық зерттеулер жасалды.

Сондай-ақ залалсыздандыру шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылды. Энзоотиялық, оның ішінде кенеге қарсы өңдеу жұмыстары көктем және күз мезгілдерінде екі рет жүргізіліп, 152 мың ауыл шаруашылығы жануарлары қамтылды. Қора-жайлар, саябақтар мен гүлзарларды қоса алғанда 4,6 млн шаршы метрден астам аумақта залалсыздандыру жұмыстары атқарылды. Масаларға қарсы дезинсекциялау 14 саябақта, 38 өзен-канал бойында және 49 гүлзар мен аллеяда бірнеше мәрте жүргізілді. Сонымен бірге кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары жылына екі рет өзен жағалаулары, суару каналдары мен қоқыс контейнерлері орналасқан аумақтарда орындалды.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария саласында қол жеткізілген нәтижелер қаланың агроөнеркәсіптік әлеуетінің артқанын, инвестициялық тартымдылығының күшейгенін және тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі оң өзгерістерді айқын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР