Шымкент қаласының тұрғыны Бекжан Ерназаров — ағаштан түйін түйген нағыз шебер, ұста. Ол ағаштан бұйымдар жасап, кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл кәсіпке ол бала кезінен қызығушылық танытып, өзі үйреніпті.
Бекжан өзінің кәсібін дамытпақ болып, былтырғы жылдың шілде айында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқып, сертификат алған болатын. Сөйтіп, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізді.
Нәтижесінде ағаш шебері өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, қыркүйек айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізді. Бүгінде жас шебер сандық шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген сандықтарды, қыз-жасау және т.б. тұрмысқа қажетті заттарды жасауды қолға алған.
— Өзіме ұнайтын іспен айналысып, тапсырыс жасаушылардың көңілінен шығуға тырысамын. Әр қазақтың үйінде осындай ою-өрнегі бар сандықтардың болуы керек, — дейді Бекжан.
Ол алдағы уақытта өз ісін одан әрі дамытып, сапалы жиһаздарды жасауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, шебердің қолынан шыққан талғамды, заманауи бұйымдарға сұраныс артуда.