Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, қала халқын және жастарын бұқаралық спортқа баулу мақсатында спорт алаңқайларын орнату жұмысы қолға алынған болатын.
Аталған тапсырма аясында Абай ауданы әкімі аппаратының қолдауы және «Шымкент – қайырымды қала» қорының демеушілігімен Абай ауданы аумағындағы бос жатқан 4 жер теліміне көпфункциялы ашық спорт алаңқайы орнатылуда. Ең бастысы жастардың жаттығу жасап шынығуына арналған Workout орнатылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде.
Еске сала кетсек, маусым айының басында Шымкенттегі Орталық мешіт жанынан спорт алаңқайы ашылған болатын. Аталған спорт кешенінде балалар бірнеше спорт түрімен қатар айналыса алады.
Айта кетейік, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шымкентте жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала әкімдігінің қолдауымен «Шымкент жастар лигасы» спорттық сайысы ұйымдастырылды. 1 маусымда 4 спорт түрінен үздіктер марапатталып, жеңімпаз командалардың әрқайсысынаа 20 млн теңгеден қаржылай сыйлық тарту етілді.