«Экономика: ішінен қарайық» подкастының кезекті шығарылымы шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөліне арналды. Бұл тақырып кездейсоқ таңдалмаған. Себебі шағын және орта бизнес – тек табыс көзі ғана емес, қоғамның тұрақтылығы мен ел дамуының негізі.
Спикер мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік – екі түрлі сала болғанымен, олардың бір-бірімен байланысы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіп бастау үшін ең алдымен адамның өзіне деген сенімі, идеяға деген құлшынысы мен тұрақты ұмтылысы қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаулардың – гранттар мен жеңілдетілген несиелердің – кәсіпкерлерге қаншалықты қолжетімді екенін де талқылады.
Бағдарламада қазіргі жастардың кәсіпке бет бұруы – уақытша тренд пе, әлде саналы таңдау ма деген сұрақ та қозғалды. Жандос мырзаның пайымынша, жастардың арасында бизнеске деген қызығушылық артып келеді. Алайда бұл үрдісті тек табыс көзі ретінде емес, қоғамға пайдалы бағыт ретінде дамыту керек. Қонақтың айтуынша, нағыз кәсіпкер – тек ақша табатын адам емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын, қоғамға пайда әкелетін тұлға. Сондықтан кәсіпкерлердің қоғамдық және саяси белсенділігі артуы тиіс.