Шымкент қаласында халықаралық ардагер энергетиктердің ХІ форумы өтті. Аталған іс-шараны Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығы мен Қазақстан ардагер энергетиктері кеңесі ұйымдастырды. Форумға еліміздің және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты ТМД мемлекеттерінің ардагер энергетиктері қатысты. Сондай-ақ, форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары шақыртылды.
Жиында бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы инфрақұрылымын (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) жаңғырту, электр энергиясының өндірісі және қосымша қуат көздері.
Басқосуда талқыланған тағы бір мәселе – электр желілердің жаңалануы. Қазіргі таңда ел аумағында электр желілердің тозғаны байқалады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15%-ға дейін азайту керек деген еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.
Осы тұста Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы ескі қуат трансформаторларын жаңасына ауыстыруды ұсынып отыр. Ол үшін импорттың қажеті жоқ, өзімізде жабдық әзірлейтін өндіріс орындары мен тиісті технологиялар жетерлік.
Бұл күрделі тақырыптардан бөлек отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады. ҚЭА ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов ассоциацияның атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады.
Форум барысында Электр машина жасау саласына еңбегі сіңген ардагер энергетиктер «ҚЭА ардагер энергетигі» белгісімен марапатталды.
Сонымен бірге іс-шара аясында шетелдік меймандар «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытында болып, өнімдермен танысып қайтты.
«Азия Трафо» ЖШС – «Alageum Electric» электр жабдықтарын шығаратын отандық өндірушінің құрамына кіретін, Орталық Азиядағы трансформаторлық жабдық шығаратын ең ірі зауыт.