Шымкент қаласының жедел-жәрдем станциясы елімізде үздік атанды.
Медициналық ұйым өкілдері жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық спартакиадасында біліктіліктерін дәлелдеп, бірінші орынға ие болды.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының спартакиадасы екі күнге созылды. Оған барлық өңірден 18 команда команда қатысып, біліктіліктерімен сынасты.
Командалар манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, шынайы жағдайға барынша жақын клиникалық станциялардан өтіп, жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетуде, босануды қабылдауда, суға батқан кезде зардап шегушіні құтқаруда, балалар реанимациясын жүргізуде және жіті коронарлық синдромы бар ер адамды қиын жағдайдан шығаруда өз шеберліктерін көрсетті.
Бүкіл кезеңдер медицина саласындағы танымал мамандардан тұратын құзыретті қазылар алқасының жіті назарында және бағалауында болды.
Спартакиада қорытындысы бойынша 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды.
Екінші орынды елордалық – Астана қаласының командасы (159 балл) иеленді. Жүлделі үшінші орынды – 143 балл жинаған Абай облысының қомандасы қанжығасына байлады.
Шымкент қаласындағы жедел жәрдем қызметі елімізде алғашқылардың бірі болып толықтай цифрлық жүйеге көшкен. Жедел жәрдем қызметіндегі қағазбастылықты жою мақсатында мамандардың барлығы смартфонмен қамтылған.
Ондағы бригаданы шақырту картасы, учаскелік дәрігердің дабыл қағазы және жедел медициналық жәрдем станциясының ілеспе парағы смартфонға енгізіледі. Осы арқылы қызметкерлер орталық станцияға келмей-ақ, қолындағы смартфон арқылы тікелей шақыртуға бара алады. Бұл өз кезегінде мамандардың уақытын үнемдеуге септігін тигізуде.
Сондай-ақ 103-ке келіп түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер жаңадан ашылған орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылайды. Колл орталықтың арқасында қоңырау қабылдау б3рнеше есеге артқан.