Скринингтік тексерулер бағдарламасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі ұлғаю жағына қарай ерте анықтауға жататын аурулардың тізбесін қайта қарады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен, балалар мен өскелең ұрпақ үшін өмірдің маңызды кезеңдерінде міндетті профилактикалық тексерулер кеңейтіліп, енгізілді: өмірдің 1-ші жылы, балабақшаға барар алдында (3 жыл), мектепке барар алдында және жасөспірім кезінде, бала физиологиялық өзгерістерге ұшыраған кезде (14-15 және 16-17 жас).
Өмірдің бірінші жылынан бастап балаларға профилактикалық тексеру мақсатында хирургтың невропатологтың офтальмологтың (көру өткірлігі), оториноларингологтың (аудиологиялық тексерулер) қарап-тексеруі жүргізіледі.
Еліміздің ересек тұрғындарының нысаналы тобының арасында 8 ауруды: артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, жатыр мойны обырын, сүт безі обырын, колоректалдық обырды, вирустық гепатитті ерте анықтауға скринингтік (профилактикалық) тексерулер жүргізіледі.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясы кезеңін және ауыл мен қала тұрғындарының арасында медициналық көмек көрсетудегі анықталған теңгерімсіздікті ескере отырып, бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу ағзалары және қуықасты безі обыры ауруларын ерте анықтау үшін ауыл тұрғындарының арасында профилактикалық тексерулер кеңейтілді. Сондай-ақ, алғаш рет 18 жастан 29 жасқа дейінгі жас тұрғындарды профилактикалық тексерулермен қамту енгізілді.
Осылайша, бүгінде қала халқының нысаналы тобы үшін 8 ауруды ерте анықтауға, ауыл тұрғындары үшін 12 ауруды ерте анықтауға профилактикалық (скринингтік) тексерулер жүргізіледі.
Бұл ретте 2023 жылдың өткен 9 айында елімізде 2,8 млн.ересек адамға профилактикалық (скринингтік) тексерулер жүргізілді, 388 мың адамға түрлі аурулар анықталды, 220 мың адам диспансерлік есепке алынды.
Сонымен қатар, 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді, оның шеңберінде жасанды интеллект технологиясымен және заманауи технологиялармен төмен дозалы компьютерлік томография негізінде өкпе обырын ерте анықтауды зерттеу көзделген.
Халықтың арасында профилактикалық тексерулерден уақтылы өту аурулардың ерте профилактикасына және мүгедектіктің алдын алуға ықпал етеді.