Биылғы «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысуға Шымкент қаласынан 128 отбасы өтінім берген. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, жас отбасылар, мәдениет пен спорт саласының үздіктері, кәсіпкерлер, меценаттар және ұзақ жылдар бойы ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздардың да отбасылары бар.
Соның ішінде Шымкент қаласының әр ауданынан 4 отбасыдан іріктеп алынып, қалалық кезеңге 16 отбасы қатысқан. Арнайы комиссияның шешімімен бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Біржан Жақыповтай атпал азаматты тәрбиелеп өсірген Құттыбековтер отбасы жеңімпаз деп танылып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.
–Халқымызда «Отан – отбасыдан басталады» деген ұғым бар. Себебі, отбасы қай заманда да ел болашағы – жастарды тәрбиелейтін шаңырақ болған. Сондықтан отбасы институтының іргесін нығайту – Қазақстанның келешегін кемелді етудің бірден бір кепілі, – деді Ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов .
Сонымен бірге «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіруге, әсіресе, жастарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Ендеше жеңімпаз отбасының өзі туралы қысқаша мағлұмат бере кетсек, Бокстан Әлем Чемпионы, ҚР Әлемдік класстағы спорт шебері «Құрмет» Ордені иегері, үш олимпиада ойындарының қатысушысы, әлем чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Біржан Жақыповтың әкесі 69 жастағы Жақып Құттыбеков бүгінде жекеменшік спорт мектебінің директоры қызметін атқарады. Ал, анасы Қарлығаш Зәуірбекова саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз. Қырық жылдан астам уақыт бойы шәкірттерге математика пәнінен сабақ берген Қарлығаш апай бүгінде құрметті еңбек демалысында. Екеуінің бірге жұп құрып отасқанына биыл 45 жыл. Бақытты ата-ана 4 перзент тәрбиедеп, олардан 15 немере сүйіп отыр.