2025-05-14 16:03:42
35.7 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Белсенді ұзақ өмір орталығының» екінші бөлімшесі ашылды

Жалпы шымкенттік қарияларды халықаралық қарттар күні қарсаңында үлкен қуанышқа бөлеген тағы бір басты оқиға туралы айтып өтсек, ол Шымкентте зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының кезекті жаңа бір бөлімшесінің ашылуы. Аталған нысанның лента қию рәсіміне ресми түрде қатысқан шаһар басшысы ардагерлердің құрметіне тілек арнап, мерекелерімен құттықтап өтті. Әкім ақжарма тілегімен бірге қарттарға бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қамқорлық пен көмек жайлы және оның көлемі жыл сайын артып отырғандығы туралы, сондай-ақ бұл бағыттағы игі іс мемлекет саясаты мен Президент тапсырмалары аясында әрқашан жергілікті әкімдік назарынан түспейтінін жеткізді.

Айта кету керек, жаңадан ашылған бөлімше Қаратау ауданы, Жібек жолы көшесінде орналасқан. Онда жартылай стационарлық жағдайда екі ауысым бойынша күн сайын 140 зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Ардагерлер мұнда дәрігерлік тексеруден өтіп қана қоймай, ART терапия, әсемдік жасару терапиясы, караокемен ән айту, хореография, йога, еңбек терапиясы, инемен емдеу терапиясы, емдік денешынықтыру сияқты сауықтыру шараларынан өтеді. Сонымен қоса бос уақытты тиімді өткізу мақсатында бильярд, теннис, садақ ату, бассейн, массаж, тренажерлық қызмет түрлері де қарастырылған. Жалғызілікті жандарға арналған 8 сағаттық жартылай станционар да жұмыс істейді.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мауия Алданазарованың айтуынша, алғашында бұл мекеме әкімдіктің қаулысымен 2019 жылы құрылып, «Асыл жүрек» деп аталған. 2021 жылы 18 қазанда әкім қаулысымен мекеме атауы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» болып өзгертіледі.

Мұнда зейнет жасындағы азаматтар 4 сағаттық қызмет түрлерін тегін ала алады. Ең басты шарт зейнеткерлер жүріп-тұра алатын, яғни орталыққа өз аяғымен келетін жағдайда болуы керек. Орталыққа келген бойда олар алдымен дәрігерлік тексеруден өтеді. Қан қысымдары өлшеніп, басқа да денсаулық жағдайлары жіті тексеріледі. Күн сайын таңертең орталық жұмысы дене жаттығуы мен әнұран айтумен басталады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР