Бұл іс-шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков қатысып, құрылыс саласындағы өнімдерді бағамдап қайтты.
AstanaBuild-2023 алаңында құрылыс және көркем интерьер саласына қажетті тың технологиялар, әдістер мен стандарттар ұсынылды. Көрмеге келген халық құрылыс пен жөндеу жұмыстарына арналған заманауи материалдар мен жабдықтардың, сондай-ақ интерьер дизайны мен жобалау жұмыстарында таптырмас озық шешімдер мен құралдардың мүмкіндіктерін пысықтап, білікті мамандардың ақыл-кеңестерін тыңдай алды.
«Мұндай көрмелер құрылыс нарығында қолданылатын жаңа технологиялар және материалдармен танысу үшін қажет. Сондай-ақ осындай іс-шараларда бірнеше компания бас қосып, озық технологияларды тиімді қолдану бойынша өзара ой бөліседі», деді Б.Жүнісбеков.
Экспозицияға Қазақстан, Беларусь, Ресей, Германия жане Қытайдан келген 70-тен астам қатысушының өнімдері қойылғанын айта кетейік. Олардың арасында Омбы, Челябі облыстары мен Ұдмұрт Республикасынан келген компаниялардың ұжымдық стендтері де бар. Көрменің модераторы «Мемсараптама» BIM-технологиялар басқармасының басшысы Саламат Серікқалиев келушілерге BIM-технология бойынша бюджетті оңтайландыру бағытында тың мәліметтерді айтып берді.