Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырханды Шымкент әуежайынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова, сондай-ақ, спорт мектебінің басшылары, жаттықтырушылар әлем чемпионын құттықтап, құрмет көрсетті. Күтіп алу рәсіміне чемпионның ата-анасы, бауырлары да келген.
– Бұл әлем чемпионаты тарихи жеңіс сыйлады. Осындай жеңісті сәттер жастарды жігерлендіреді. Осылай ата-анасымен бірге жанкүйерлердің күтіп алуы спортшыға күш-жігер береді деп ойлаймын. Алдағы додаларда бағы жанып, Махмұд жанкүйерлерді жарқын жеңіспен қуанта берсін. Соған бәріміз тілекші болайық, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, қалалық бокс федерациясының басшысы Б.Нарымбетов әлем чемпионатына барып, жанкүйерлік еткенін, осындай жеңімпаздардың арқасында ұлттық рух көтерілгенін атап өтті. Іс-шарада әлем чемпионы бұл жеңіспен тоқтап қалмайтынын, жанкүйерлер сенімін ақтауға бар күшін салатынын айты.
Шымкент қалалық «Кәсіпқой бокс түрлері клубының» спортшысы Махмұд Сабырхан 54 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Ол Венгрия, Үндістан, Гана, Куба елінің мықтыларын жеңіп, финалға шыққан-тын. Финалда шаршы алаң қожайыны Ойбек Жураевты тас-талқан етіп жеңді. Әлем чемпионатында бес кездесу өткізіп, жекпе-жектің бәрін де 5:0 есебімен аяқтады.
Әлемдік сайыста ҚР ұлттық құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлде олжалап, жалыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді.