
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан «Адал полицей» республикалық акциясы Шымкент қаласында жүйелі түрде жүргізілуде. Акцияның басты мақсаты – азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, полиция қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін күшейту.
Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мәулен Ахметов акцияның қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, «Адал полицей» – формалды шара емес, полиция мен тұрғындар арасындағы өзара сенімді қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс. Осы мақсатта акция аясында тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға басымдық беріліп отыр. Соның бір мысалы ретінде патрульдік полиция автокөліктерінде және әкімшілік ғимараттарда QR-кодтар ілінген. Кодты сканерлеу арқылы тұрғындар сыбайлас жемқорлық деректері, полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты пікірлері мен ұсыныстары туралы хабарлай алады.
Алайда акция тек сыртқы ашықтықпен шектелмейді. Мәулен Ахметов атап өткендей, полиция департаментінде ішкі тәртіп пен заңдылықты сақтау – басты талаптардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс кадрларды іріктеу кезеңінен басталып, қызметтің барлық сатысында үздіксіз жалғасады. Жеке құраммен тұрақты оқыту жүргізіліп, заң талаптары түсіндіріледі, кәсіби даярлығы мен моральдық-психологиялық жағдайына жүйелі түрде баға беріледі.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Әрбір қызметкерге заңсыз сыйақы алу немесе оны ұсыну фактісін жасыру қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертіледі. Осы орайда полиция полковнигі азаматтарға да үндеу жасады:
— Полиция қызметкерлерін заңсыз әрекетке итермелеу немесе арандату жағдайлары назардан тыс қалмайды. Мұндай деректер міндетті түрде тексеріледі. Полиция қызметкеріне заңсыз сыйақы ұсыну заң алдында жауапкершілікке әкеледі, ал кез келген мәселені заңсыз жолмен шешу жағдайды ушықтырады, — деп атап өтті ол.
Акция аясында профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері мен азаматтарға арналған ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында зияткерлік турнир де өткізілген.
Бұдан бөлек «Адал полицей» акциясы тәрбиелік бағытта да кеңінен насихатталып, полиция қызметкерлерінің балалары арасында «Менің ата-анам – мақтанышым» атты республикалық сурет байқауы өткізілді.
— Бұл байқау адал полиция идеологиясымен тікелей байланысты. Балалардың шығармашылығы арқылы бізді ең жақын жандарымыз қалай қабылдайтынын көреміз. Бұл – біздің қызметімізге берілетін ең шынайы баға. Мұндай іс-шаралар қызмет пен отбасы арасындағы байланысты нығайтып, балалардың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік және заңға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған, — деді полиция полковнигі.
Оның айтуынша, аталған әрбір іс-шара полиция қызметкерлерінің құқықтық мәдениетін жетілдіріп, олардың кәсіби жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
— Жалпы акцияның басты мәні – полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайту. «Адал полицей» қағидаты құқық қорғау қызметінің күнделікті жұмысына айналуы тиіс. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады, — деп түйіндеді Мәулен Ахметов.
