Аудан аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар іске асуда. Оның ішінде 16 ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы, 5 гүлзар салынып, 34 мың шаршы метр аяқжол төселді.
Көгалдандыру да басты назарда. Бүгінгі таңда аудан аумағында 5 жаңа гүлзар салынып, олардың кейбірі пайдалануға берілді. Сонымен бірге «Асар» шағын ауданында тозығы жеткен 4 гүлзар қайта жаңартылуда. Бұл жұмыстар экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бермек.
Абай ауданында жыл басынан бері 37 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам адам қатысты. Қоғамдық жұмыстарға тұрғындардың белсенді қатысуы ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда.
Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуі үшін 63 ескі ойын алаңшасының 45-і жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Сонымен қатар, Абай ауданында тұрғындардың қолайлы тұрмысын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. 2024 жылға дейін аудан көшелерінің тек 15 пайызы ғана жарықтандырылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш түбегейлі өзгерді. Бүгінде 954 көше жарықтандырылып, жыл соңына дейін барлық көшелерге жарық шамдары орнатылады. Бұл қала әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан маңызды бастамалардың бірі.
Жылу маусымына дайындық та жүйелі жүргізілуде. Аудан аумағындағы 255 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы қысқы маусымға әзір. «ҚуатжылуОрталық» мекемесі арқылы орталық жылу жүйесіне қосылған үйлерге толықтай сығымдау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 32 мектеп, 9 балабақша және 13 медициналық ұйымның жылу жүйелері дайын.
Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқын алды. Аудан аумағында 1274 көше бар, оның ішінде 844 көше асфальтпен жабылған. Жыл соңына дейін барлық тас жолдар толықтай асфальтталмақ. Бүгінге дейін 148 көше жөнделіп, жоспарланған жұмыстар толық орындалса, асфальтталған көшелердің үлесі 100 пайызға жетеді.