2025 жылдың “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялануы – ел дамуының стратегиялық бағытына сай жасалған маңызды шешім.
Жұмысшы мамандықтар – еліміздің экономикалық іргетасын қалайтын, өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымды алға сүйрейтін басты күш. Құрылыс, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сынды маңызды салалардың өркендеуі – осы саладағы кәсіби мамандардың сапалы еңбегінің нәтижесі.
Бүгінгі күні заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді өндіріске енгізу – жұмысшы мамандықтардың жаңа деңгейге көтерілуін талап етеді. Бұл бастаманы әрбір азамат қолдап, оның табысты жүзеге асуына өз үлесін қоса алады.
Жұмысшы мамандықтарын насихаттау – еліміздің тұрақты әрі жарқын болашағына бастар жол. Бұл – жастарға кәсіби бағдар беру, олардың болашаққа сенімін арттыру және еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеру жолындағы нақты қадам.
Жұмысшы мамандықтарын дамыту – тек экономиканы ғана емес, тұтас қоғамды өркендететін, болашаққа нық қадам басуға мүмкіндік беретін игі бастама.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, кәсіби-техникалық білім алуға қолжетімділік артады. Осы бағытта өңірлік кәсіптік колледждер мен өндірістік оқу орындарын жаңғырту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, өндірістік тәжірибеден өтуге жағдай жасау жоспарланған. Жастардың жұмысшы кәсіптеріне қызығушылығын арттыру мақсатында білім беру мекемелерінде кәсіби бағдар беру кабинеттері ашылып, мектептерде мамандықтар фестивалі мен ашық есік күндері ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде еңбек адамын дәріптейтін арнайы жобалар мен бейнероликтер жарияланып, еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыру көзделген. Бұл шаралар жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын арттырып, жастарға нақты еңбек нарығына сай білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді.